Өр мінезді сыршыл ақын: Бақытжан Алдияр — 50 жаста

20

Шымкентте ақын Бақытжан Алдиярдың «Қолтаңба» атты шығармашылық кеші өтті. Республикалық М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың және «Серпер» жастар сыйлығының иегері 50 жас мерейтойын мегаполис жұртшылығымен бірге атап өтті. Әдебиет сүйер қауым жиналған кеш әзіл мен поэзияны сағынған жандардың лебізіне көмкерілді.

Сыршыл да нәзік лирикасымен жүректі баураған ақын – Бақытжан Алдиярдың 50 жас мерейтойы мегаполис төрінде атап өтілді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген зиялы қауым өкілдері Шымқаланы жыр қалаға айналдырды.

Шығармашылық кештің шымылдығын қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашты. Ол шаһар басшысының құттықтау сөзін жеткізді.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Құрметті Бақытжан Алдияр, сізді мерейлі мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын! Өзіңіздің шығармашылық шеберлігіңіз, еңбексүйгіш қасиеттеріңіздің арқасында, қазақ лирикасындағы шығармаларыңыз арқылы үлкен құрметке ие болдыңыз. Алдағы уақытта да ұлағатты істердің ұйытқысы болып, егемен еліміздің өсіп-өркендеуі жолында абырой биігінен көріне беруіңізге тілектеспін. Ұлтымыздың игілігі үшін атқарған еңбегіңізбен алдағы уақытта да абыройлы белестердің биігінен көріне беріңіз дегім келеді»

Қазақ поэзиясында өзіндік орны мен қолтаңбасын қалыптастырған көрнекті ақын Бақытжан Алдиярдың шығармашылығына әріптестері мен замандастары жоғары баға берді. Ерлан Жүніс бүгінгі кешті оңтүстік өңірдегі әдеби өмірге үлкен серпіліс әкеледі деп санайтынын жеткізді.

Ерлан Жүніс, «Ана тілі» газетінің бас редакторы: «Бақытжан Алдияр бала күнінен танылған ақын. Біз тіпті әлі әріпті жазуды үйрене алмай жүргенде, ол кісіні Тұманбай Молдағалиев «шалдың баласы» деп еркелетіп, Қадыр Мырза Әли «сұрапыл сары» деп еркелеткен. Сондықтан Бақытжан Алдиярдың шығармашылығы кейінгі жас толқынға ерекше әсер етті деп санаймын. Оның шығармашылығындағы ең бірінші нәрсе ол — жүрек. Ол өлеңді күрделендірмей, өлеңде жұмбақтап ой салып, я болмаса қосымша мағыналар қоспай, таза жүрегі қалай сөйлесе солай сөйлейтін ақын»

Іс-шара барысында ақынның соңғы жылдары жазған поэзиялық туындылары мен оның сөзіне жазылған әндері орындалды. Сондай-ақ шығармашылық кешке «Яссы» би ансамблі мен «Шымкент концерт» ұйымының өнерпаздары қатысты.