«Ордабасы» футбол құрамасына жаңа маусымда көл-көсір қаржы бөлінбейтін болды 

33

Шымкентте соңғы жылдары футбол мәдениеті артып, Қажымұқан атындағы стадиондағы жергілікті команданың әр матчына қаланың жасы мен кәрісіне дейін асық болатын. Ал биылғы маусымда сан сәтсіздіктерден жанкүйерлер қарасы біршама азайып қалды. Сонымен қатар енді қала әкімдігі де Ордабасыға бөлінер қаржының көлемі азаятынын айтты. Оның өзіндік себептері бар. Ал теңбілдопшылар қаржылай қолдаудың аз болатынына қарамастан жоғары жетістіктерге ұмтылу мүддемізде қаламыз дейді. 

Жергілікті «Ордабасы» футбол клубына енді көл-көсір қаражат бөлінбейді. Қала әкімі өткен жылы бөлінген ауқымды сомма 5,3 млрд. теңгені клубты тығырықтан шығарып алу үшін қарастырғанын айтты. Осы маусымда әбден сүреңсіз өнер көрсеткен шымкенттік ұжымға енді қатардағы орташа бюджет қана қаралады. Бұл бастама бүгіннен — ақ бастауын алған. Себебі «Ордабасы» клубы бірқатар айлығы жоғары ойыншылармен қош айтысып үлгерді. Олардың саны жыл соңына дейін 16-ны құрайды.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Биыл біршама бюджет қарастырдық. Олардың біразы бұрынғы «Ордабасы» басшылығы түзеп кеткен келісімшарттарды жабуға, ойыншылардың жалақысы бар оның ішінде. Әр келісімшарт үлкен нарықтағы басқа клубтардың алатын айлықтарынан жоғары деңгейде түзетілген». 

Жасыратыны жоқ шымкенттік «Ордабасы» биылғы маусымда қатысқан барлық турнирлерде жарытып жетістік көрсете алмады. Маусым барысында басшы да ауысты, бапкер де ауысты. Дегенмен нәтиже болмады. Жаңадан келген басшы Асхат Сейсембек алғаш клуб тізгінін ұстағанда, ойыншылардың қаз-қатар жоғары жалақылары жаға ұстатқанын жасырмайды. Сөзінше, оған жүктелген міндет маусымды қарызсыз аяқтап, қаржылай тұрақтылықты ұстап қалу болған екен. Және де балалар футболына көңіл бөлу де тапсырылған. Жүктемелерді толық атқарып шықтым деген басшы, алдағы маусымда бюджеттің көп болмайтынына қарамастан чемпиондыққа таласамыз деп бекініп отыр.

Асхат Сейсембек, «Ордабасы» футбол клубының басшысы: «Маусым барысындағы қиындықтарға өзгерістерге қарамастан, жігіттер соңғы ойында жинақылық танытып, келесі жылы УЕФА Конференциялар Лигасында ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Команданың келесі жылға жоспары анық. Біз бәсекеге қабілетті команда жасақтап, еурокубокте ел намысын абыроймен қорғап, өз жанкүйерлерімізді қуанту үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламыз». 

Соңғы жылдары Шымкентте футбол мәдениеті қалыптаса бастап, «Ордабасы» ойындарында орталық стадион лық толып жүрген. Алайда биылғы маусымда сәт сайынғы сәтсіздіктерден жанкүйерлер қарасы саябырсыды. Ал ендігі маусымда жыл сайын жоғары бюджет қаралып жүрген «Ордабасыға» жалпы өңірлердегі стандартты қаржыландыру болады. Мұны команданың кейбір жанкүйерлері қолдаса, басқалары бұрыс деп пікір екіге жарылды.

Жанкүйер: «Жоқ, дұрыс емес. Футболшыларға көп қаржы берсең, оларда ойынға ынтасы ашылып одан да жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын» 

Жанкүйер: «Басты мүддеге осы инфраструктураны бірінші қойып, футбол мәдениетін сәл түсірді деп ойлаймын. Бірақтан бұған қатты бюджет керек деп ойламаймын. Себебі ол жерде стратегияны дамыту керек».

Сондай-ақ, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің футболы мен туризмі үшін соғылады деп капсуласы қаланған стадионның құрылысы неліктен басталып кетпегені жайлы да мәлімдеді. Әкім сөзінше бұл 35 мыңға шақталған стадионды соғу тікелей президент тапсырмасы. Ал стадионның жоспарлауында біршама өзгерістер орын алып, белгіленген жер телімі газ құбырына байланысты ауыстырылған. Бүгінде жер мәселесі бойынша шаруалар толық шешімін тапқан. Алда жұмыстың келесі бөлігі, яғни стадионның іргетасын құю жұмыстары басталады екен.