Қайнарбұлақ тұрғын алабын газдандыру жұмыстары басталды

23

Қайнарбұлақ тұрғындарында көптен күткен қуаныш! 60 мыңнан астам халқы бар тұрғын алапта газдандыру жұмыстары басталды. Осыған дейін мұндағы халық қысты күні көмір жағып, күнделікті тіршілікте сұйытылған газды қолданып келген.

75 жастағы Баян Сатыбалдықызының қуанышында шек жоқ. Ол — Қайнарбұлақ тұрғын алабында үйіне көгілдір отын жеткендердің алғашқысы. Әжей бұл сәтті ұзақ күткенін айтады.

Баян Сатыбалдықызы, Қайнарбұлақ тұрғын алабының тұрғыны: «Осы газды күткенімізге көп болды. Құдайға шүкір, биыл газға қолымыз жетті. Құбыр тартып қойғанына 5 жыл болды ма, білмеймін. Әне келеді, міне келеді деп көп күттік»

Халқы осыған дейін көмір тасып, сұйытылған газды күнделікті қолданып келген Қайнарбұлақ тұрғын алабын газдандыру жұмыстары бастау алды. Газ құбырының құрылысы 2022 жылы басталған. Бүгінде магистралды құбырларға көгілдір отын келіп тұр дейді әкімдіктегілер.

Мейіржан Ғаниұлы, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Қазіргі таңда Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайында толығымен газ жүйесі магистралды құбырларға берілді. Қайнарбұлақ саяжайында кезең-кезеңімен қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бір бөлігіне газ беріліп, кезең бойынша қосу жұмыстарын жүргіземіз. Мемлекет тарапынан есіктің алдына дейін газ беріледі. ШРП-ға дейін газ берілгеннен кейін, тұрғын өзінің үйіне дейін монтаждау жұмыстарын жүргізу  керек»

Мамандардың сөзінше газды есік алдына дейін жеткізу жұмыстары мемлекет есебінен жүзеге асады. Ал келіп тұрған газды әр тұрғын өзі үйге кіргізіп алуы қажет. Сонымен қатар, жауаптылар көгілдір отынды жеткізу жұмыстарын тек лицензиясы бар мекеме арқылы жүргізуді ұсынды. Ол үшін үй иелері қажетті құжаттарды дайындауы керек.

Эльдар Қуандықов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ өкілі: «Бұл жерде бірінші техникалық шарт алу керек. Ол жерге 4 құжаттама: куәлік, жеке басты растайтын куәлік, мемлекеттік акт, техқұжаттама меншік иесі деген қажет. Мекеме арқылы жобасын сызып, бізге өткізеді. Біз сәйкестікке қайта тексеріп, расталған жағдайда жеке шот ашып, газын қосып береміз»

Айта кетейік, бүгінде абоненттердің 60% — көгілдір газға қол жеткізді, ал 40% — ы биыл қараша айының соңына дейін қосылады. Тұрғындар қазірден бастап қосылуға өтініш бере алады.