Қалдық тастағаны үшін 3 млн. теңгеден астам айыппұл салынды

22
фото КАӘБҚ
Келес ауданының орталығы Абай ауылындағы ескірген инфрақұрылым жүйелері жаңартылып, абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Дегенмен елді мекеннің ажарын ашатын нысандарды бүлдіріп, абаттандыру қағидаларын бұзатын азаматтар да анықталуда.
Осы орайда Абай ауылында жыл басынан бері коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін 175 әкімшілік хаттама толтырылып, 3 090 840 теңге айыппұл салынып, оның 1 099 100 теңге өндірілген. Бұл туралы Келес ауданы әкімінің м.у.а. Даурен Сариевтің Абай ауылы тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
– Абай ауылы аумағына 10 учаскелік полиция инспекторлары бекітілген. Жыл басынан бері Абай ауылы бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505 бабы бойынша Қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін азаматтарға 126 рет хаттама толтырылып, ескертулер берілген. Сондай-ақ Абай ауылы аумағында жасыл екпелерге зиян келтірмеу және мал ұрлықтарын болдырмау, алдын алу мақсатында жыл басынан жеке кәсіпкер тарапынан қора жалға алыны, қараусыз жүрген 9 бас ірі қара мал айып тұрағына жеткізіліп, мал иелеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408 бабы 1 бөлігімен 4 хаттама толтырылып айыппұл салынған, — деді Абай ауылы әкімінің м.у.а. Нұрлан Умирбаев.
Аудан әкімінің Абай ауылы тұрғындарымен кездесуіне аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев, мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары қатысты. Онда өткен кездесу барысында көтерілген өзекті мәселелердің шешім жолы айтылып, алдағы жоспарлар пысықталды. Кездесу соңында жеке мәселелер бойынша келген тұрғындарды қабылдаған Даурен Нұрланұлы түйіткілді мәселелерді шешу бойынша жауаптыларға нақты тапсырмаларды жүктеді.