Қауіпті ауру жұқтырған малдың өлексесі көмілген орындар халық үшін қауіпсіз бе?

22

Шымкенттегі қауіпті ауру жұқтарған малдардың өлексесі көмілген орындарда қауіпсіздік талаптары бұзылған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері мәлімдеді. Олар індет ошақтары халық үшін қауіпсіз екеніне күмән келтіріп отыр. Десе де, ветеринар мамандар «алаңдауға негіз жоқ» дейді.

Бұл — қауіпті ауру жұқтарған малдардың өлексесі көмілген қоршау. Биіктігі 1,5 метр болатын бетондалған қабырғаның 1968 жылы тұрғызылғаны байқалады. Сібір жарасы вирусының ошағы саналатын бұл аумақ Көкбұлақ тұрғын алабына жақын орналасқан. Мұндағы халық «аурудан келер қауіп жоқ» екеніне де сенімді.

Шохан Жұрманов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жылдан жылға ауылымызда үйге үй қосылып жатыр. Жанымызға жан қосылып жатыр. Ауылымыз өсіп келе жатыр. Өте қауіпті болса бұл жерге жақындатпайтын шығар. Мемлекетіміз де қарап қалмас»

Қауіп жоқ деп халық бейқам отырғанда, бұл індет ошақтарында қауіпсіздік талаптары бұзылған болып шықты. Қала аумағында тіркелген 8 бірдей орында 1 шақырым болатын радиуста егіс алқабынан бөлек қоражайлар мен өндіріс орындары тұрғызылғаны анықталды.

Қанат Сүлейменов, Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы: «Талдау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардан халық үшін жағымсыз салдарға жол бермеу бойынша ұйымдастырушылық — басқарушылық шешімдер кешенін қабылдау ұсынылды»

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері санитарлық қорғау аумағы қатаң сақталу керектігін айтты. Ал, Ветеринарлық мамандар бұл аумақтарда қауіп белгілері жоқ деп отыр. Олар биыл көктем мен күз айларында індет ошақтарындағы топырақтан 23 рет зертханалық сынама алғандарын айтады.

Ерлан Әденов, Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы: «1 км радиус шеңберінде ешқандай ол жерге тұрғын үйлер, қора-жайлар болмауы керек. Оған дейінгі болған нысандарды біз көшіре алмаймыз ғой. Ең бастысы, өзіміздің ошақ шыққан аумақта санитарлық талапқа сай қоршап қойдық»

Жергілікті бюджеттен ауру ошақтарына зертханалық талдау жасау үшін 1 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл ақша қоршауды күтіп ұстау мен тұрғындарды ақпараттық-түсіндіруге жұмсалады дейді жауаптылар. Ал антикордың нұсқауын орындау үшін бірлескен жиын өткізіп, мәселенің мән-жайын талқылау жоспарланды.