Қазақстандықтар стоматологиялық қызметтердің сапасына жиі шағымдануда

26

Сарапшылардың айтуынша, дәрігерлердің біліктілігінің төмендігі, ескі жабдықтардың қолданылуы және пациенттердің ауру тарихын ескермеу көптеген жағдайларда қатерлі нәтижелерге себеп болады. Бұл мәселелер стоматология саласында сапасыз қызмет көрсетуге әкеп соғуы мүмкін.

Шымкент тұрғыны Сергей Троцан стоматологқа барғаннан кейін бірнеше жыл бойы тіс ауруы мазалағанын айтады. Оған дәрігерлер арнайы тіс көпірін орнатқан екен. Қатты ауырсынулардан кейін ол басқа стоматологқа жүгіну туралы шешім қабылдаған.

Сергей Троацан, Шымкент тұрғыны:  “Алғашында сол жағыммен шайнау қиын болды, бірақ үйреніп кетемін деп ойладым. Сосын жұбайым қиналып жүрсің, барып көрсетейік деді. Тіс дәрігеріне бардым, ол менің тісімнің толық қойылмағандығын айтты. Сол дәрігер тісімді дұрыстап орнатып берді, сол жағымен тамақ жей бастадым. Қазір бәрі жақсы».

Өткен жыл мен биыл 9 айда Денсаулық сақтау министрлігі пациенттердің шағымдары бойынша 162 тексеру жүргізген. Қазақстандықтар көбінесе протездеу, имплантация, емдеу және тіс жұлу қызметтерінің сапасына қанағаттанбайды. Бұл процедуралар көбінесе инфекциялар мен асқынулармен, сау тіндердің зақымдалуымен, сондай-ақ эстетикалық кемшіліктермен қатар жүреді. Сарапшылардың айтуынша, мұның себептерінің бірі – дәрігерлердің жеткіліксіз біліктілігі, сонымен қатар науқастардың аурулары мен аллергиялық реакцияларын ескермей жүргізілетін диагностика.

Отажан Абдураимов, тіс дәрігері: «Ең бірінші себеп — ол тіс дәрігерінің жұмыс тәжірибесінің аздығы. Екінші себебі клиникалық керекті жабдықтардың толық қамтылмауы, оның ішінде атап айтар болсам, 3Д рентген құрылғысы, тісті сканерлеу құрылғысы, микроскоп тағысын тағы».

Дегенмен мамандардың айтуынша, әрбір жағдайды жеке қарастыру қажет. Қазақстан стоматологтары біріккен қауымдастығының президенті пациенттердің кейбір шағымдары негізсіз болуы мүмкін екендігін де атап өтті.

Сәуле Есембаева, Қазақстан стоматологтары біріккен қауымдастығының президенті: «Барлық жағдайларда стоматолог кінәлі деп біржақты айтуға болмайды. Мүлдем негізсіз шағымдар айтатын пациенттер де жоқ емес. Тіпті өздерінің шағымдарын бизнес көзіне айналдырып алғандары да бар»

Айта кетейік, стоматологқа жүрек-қан тамырлары аурулары, диабет және аллергия сияқты созылмалы аурулардың бар екендігі туралы ескерту маңызды. Сонымен қатар қабылдап жүрген дәрі-дәрмектер және жүктілік туралы да айту қажет.

Шұғыла Ерментай