Қазақстандықтар жалақыға өмір сүріп жүр ме, әлде күнелтіп пе?

52

 

Елімізде жалдамалы жұмысшылардың 70 пайызы орташа жалақы  көрсеткішінен төмен еңбек ақы алады. Бүгінде оның көлемі 403 мың теңгені құрап отыр. Еңбек етіп жүрген 3,5 млн қазақстандықтың 1,5 млн-ының нәпақасы тіптен төмен. Олардың айлық ақысы 250 мың теңгеге дейін екен. Ал 400 мыңға жуық адамның жалақысы 100 мың теңгеге жетер жетпес. Жалпы Қазақстанда кімдерге жақсы жалақы төленеді? Көлеңкедегі еңбекақы статистикаға әсер ете ме?  

Қазақстанда жалақысы орташа көрсеткішке жетпейтін жұмыскерлердің қатары көбейген. Дәлірек айтсақ, 2 млнға жуық адам 400 мың теңгеден төмен жалақы алады.

400 мыңнан аса Қазақстан азаматы 100 мың теңгеден төмен жалақы алады. Шамамамен тап сонша адам 100 мың мен 150 мың теңгенің арасындағы еңбекақыны қанағат тұтып жүр. Елдегі жұмыс істейтін жандардың басым бөлігі 300 мың теңгеден жоғары табыс табады. 1 млн теңгеден жоғары табысқа қол жеткізетіндер де бар, бірақ олардың саны аз, 112 мың адамды құрайды.

Орташа көрсеткішке жақын жалақыны елімізде өнер адамдары, демалыс және сауықтыру саласындағылар, сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметті қамтамасыздандыру және әкімшілік мамандары алады екен.

Гүлнұр Ахметқали, Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы: «Салалық құрылымда ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру қызметі саласында тіркелді. Олардың еңбекақысы – 878 мың теңгені құрайды, бұл республикалық орташа деңгейден 2,2 есе жоғары. Кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді игеру саласындағыларда – 797 мың теңге және ақпарат пен байланыс саласында 661 мың теңгені құрайды».

Мамандардың айтуынша, жалақы тұрақты түрде көтерілгенімен, баға өсіміне жете алмай келеді. Кәсіпкерлердің салықтан жалтару үшін тасада берген табыс бөлігіне қарамастан күз, қыс мезгілінде жағдай тіптен қиындайды. Себебі азық-түлік өнімдері тағы көтеріледі.

Расул Рысмамбетов, экономист: «Бұл нәрсеге жұмыс берушілерге зейнетақы жарналарын жарты пайыз, бір пайыз, содан кейін бір жарым пайыз төлеу ұсынылғаны қатты әсер етті деп ойлаймын. Жалақылардың бір бөлігі сәйкес келмей, қалғаны қолма-қол кетіп жатқанын нақты ескеру керек».

Нарыққа ілесу үшін мамандарға өз саласын алмастыру қажет немесе жаңа талаптарға бейімделуі керек. Алайда жекелеген салаларда маман тапшылығы сезілмейді. Сәйкесінше жалақы өсімін күтудің қажет жоқ. Айта кетейік, жеке компанияларда еңбек ақы көлемін жұмыс беруші өзі белгілейді, бұған мемлекет араласа алмайды.

Әділет Әнуар