Ширек ғасыр шекараның берік қорғаны болған

23

Түркістан облысы шекара қызметінің Тәуелсіз Қазақстанның оңтүстік шебінің күзетінде жүргеніне – 25 жыл. Ширек ғасыр кезеңінде ел қауіпсіздігін қорғап келе жатқан ведомство өкілдері талай тәжірибе арқалап, жетістік көрсеткен.

Осынау тәжірибемен бөлісу үшін Шымкенттегі іргелі оқу орны М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жастың да, ғалымның да, әскери адам бәрінің басы қосылды. Мәселерден гөрі, ұлағатты әңгімелер айтылған жиынға арна тілшісі арнайы барып, келешек ел қорғандарының бағыт-бағдарын біліп қайтты. 

Соңғы 3 жылда Түркістан облысының шекара қызметі «ғасыр тажалы» деп аталатын есірткінің 772 келісін тәркілеген екен. Осылайша ұлт саулығының алдын алған. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқылардың бірі боп, шекара шегендеген Түркістан облысының департаментіне бүгінде 25 жыл толып отыр. Осынау ширек ғасыр кезеңінде ел қауіпсіздігін күзеткен шекара қызметі, толассыз тәжірибемен бөлісу мақсатында ғылыми-конференция өткізді.

Дулат Әлдербаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департамент бастығы орынбасарының м.у.а, подполковник: «Ондағы мақсатымыз – жас ұрпақты әскери қызметке оң мотивация жасау, қазақстандық патриотизімді қалыптастыру. Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, ата-бабамыздан аманат етіп қалдырған жерімізді қадірлеу». 

Алмас Қосжан 7 жасынан бері әскери адам болуды армандаған. Жастайынан мақсатын айқындаған ол, зор талпыныс жасап, бүгінде өз күшімен әскери оқуға түскен. Ендігі мақсаты білікті сарбаз болғысы келеді. Өз болмысын жетілдіріп, Отанның нағыз тірегі болу үшін жас ұлан осындай тағылымды шаралардан қалмайтынын айтады. Сәйкесінше, бүгінгі ғылыми-тәжірибеден де күтетіні мол.

Алмас Қосжан, Сабыр Рахымов атындағы әскери колледждің ұланы: «Отанды қорғау, біріншіден, «Отан отбасынан басталады» деген бар ғой. Өз отбасыңды қорғамасаң, сенен басқа кім қорғайды? Ер қорғамаса, ешкім қорғамайды оны. Әскери патриот болғаннан кейін бәріміз қорғауымыз керек. ҚР Конституциясында жазылған. Әрбір азамат елді, жерді қорғауы тиіс». 

Қазақстан Орта Азия елдерінің ішіндегі шекарасы толық шегенделген елдердің бірі. Бұл жетістік жолы талай қажырлы еңбек пен жанкештіліктің жемісі. Осындай ерлік жолын жастарға насихаттауға Сәкен Мәжінбеков арнайы баяндама дайындаған. Оның айтуынша, қазір кішкентай ғана территория тұтастығының таласынан, елдердің іргесі шайқалуда. Ал Қазақстан бұл мәселені шегелегенімен, болашақ ел тұтқасын ұстаушылар, терең тарихты сіңіріп, Тәуелсіздікті қадірлей білуі керек.

Сәкен Мәжінбеков, М.Әуезов атындағы ОҚУ саясаттану кафедрасының меңгерушісі: «Сол кезеңдегі шекараның қалай шешілгені, Лениннің алдындағы комиссияның жұмысы. Одан кейінгі кешегі 1991 жылғы тәуелсіздіктен кейінгі 93-98 жылдары арасындағы 5 елдің Қытаймен жүргізген келіссөздері. Бұрын бауырлас болған елдер, Орта Азия мемлекеттерінің арасындағы және Ресеймен арадағы осы 2005 жылы Путин мен Назарбаевтың арасындағы қол қою арқылы шекараның шешілу мәселесін толығырақ айтамын». 

Түркістан облысындағы шекарашылар тек елдің қауіпсіздігін қорғаумен ғана шектелмейді. Әрбір бекеттегі жасақтар жақын маңдағы аудандарға барып, жастарды жігерлендіреді екен. Осы шекарашылар құрамы Шымкенттегі іргелі оқу орны Мұхтар Әуезов атындағы оқу ордасында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Іс-шарада Б. Момышұлы бастаған даңқты қолбасшылардың талай ерліктері жастарға кеңінен айтылды. Сонымен қатар, шекара қауіпсіздігіне байланысты жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.