«Шымкент» каналының бойы қоқыстан тазартылды

23

«Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Президент бастамасы шаһар ажарын ашып қана қоймай, коммуналдық қызмет саласының жұмысшыларына қолдау болып отыр. Өткен демалыста шымкенттіктер сенбілікке шығып, қаланы күл-қоқыстан тазартты.

Сенбінің таңын мегаполис тұрғындары сергек бастады. «Шымкент» каналы бойына жиналған 300-ден астам белсенді топ-топқа бөлініп, маңайды қоқыстан тазартты. Тазалық шарасына 70-ке таяған Нұрман ақсақал да белсене атсалысты.

Нұрман Қожахметов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Құрсайдан оншақты ақсақал келдік. Өз үлесімізді қосайық деп. Халықтың игілігі үшін істеп жатырмыз. Өткенде Құрсайдағы базар жақта болдық. Жан-жақтағы тазалықтан қалып жатқан жоқпыз, қатысып жатырмыз»

Қала тазалығы үшін ерікті түрде сенбілікке шыққандарға коммуналдық қызмет саласының жұмысшылары алғыс білдіреді. Олар табиғат жанашырларының арқасында жұмысымыз біршама жеңілдеді дейді.

Қалипа Қожахметова, коммуналдық қызметкер: «Ия, тиіп жатыр көп көмек бізге де. Жұмысымыз жеңіл болып жатыр. Рақмет, көмек беріп жатқандарына. Тазалық енді бәрімізге бірдей ғой»

Сенбілік «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Шараға 10-ға жуық техника жұмылдырылған. Акция аясында Т.Адырбеков көшесінен Д.Қонаев даңғылына дейінгі аралық күл-қоқыстан тазартылды.

Дәурен Балганов, Тұран ауданы коммуналдық бөлім басшысы: «Тұран ауданында жалпықалалық сенбілік өтіп жатыр. Сенбілікте тұрғындар өз көше аумақтарына шығып жатыр. Жыл басынан бері 50-ден астам сенбілік өткен. Ол кезде көше бойлары, өзендер, каналдар, саябақ пен мәдени нысандарда сенбіліктер өткен. Әр сенбілікте 100-150 тоннадан қоқыс шығарылып, Ақтас полигонына жеткізілді»

Жауаптылар алдағы сенбіде ағаш отырғызуды жоспарлап жатқандарын жеткізді. Сөздерінше Тұран ауданында 3000-ға жуық көшет егіледі.