Тамақтану мәселесі талданған үкімет отырысында Шымкент көрсеткіші төмен өңірлер қатарында. Оқу-ағарту министрлігі тамақтану сапасы бойынша республикалық мониторинг жүргізіп, Шымкент қаласын мектептерде балаларды тамақтандыруға көңіл бөлмейді деп таныды. Осыған байланысты тамақтану мәселелері өршіп тұрған өңірлерге біраз ескертпелер де жолдады. Ал қалалық жауапты басқарма бұл туралы не дейді? Қандай шара қолданады?
Шымкенттегі мектептерде балаларды тамақтандыруға тиісті көңіл бөлінбеген. Бұл туралы үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді. Жүргізілген республикалық мониторинг қорытындысына сәйкес, Шымкент қаласы мектептегі тегін тамақты ұйымдастыруда кінәраты көп өңірлердің бірі атанды.
Шаһардағы 141 мектепке жүргізілген тексеріс нәтижесінде 81 оқу ордасынан кемшіліктер пен бұзушылықтар анықталған. Атап айтсақ, залалсыздандыру заттарының сақталу режимі бұзылып, құжатнамалар уақытында толтырылмаған.
Айтулы мәселе бойынша атқарушы органдарының бақылауы жеткіліксіз болып тұр деген министрлік, бұдан былай кәсіпкерлерге ескерту емес әкімшілік-жауапкершілік енгізуді пысықтауда. Ал қалалық жауапты басқарма заңнама талаптарын бұзған 81 мектепке хат жолдап, тиісті шара ұйымдастырыпты.
Ұлжалғас Сауырбаева, Шымкент қалалық Білім басқармасының бөлім басшысы: «Мектеп арендаторларына, кәсіпкерлерге басқарма тарапынан арнайы хат жолданып, барлық кемшіліктерді жою мақсатында осындай іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәліметін алдық, қайтып барған жоқпыз, керісінше барлығын алдырдық. Міндетті түрде фото-видеомен».
Шымкентте 137 мың оқушы мектептерде тегін тамақтанады. Оның 106 мыңы міндетті статуста тегін ыстық тамақпен қамтылатын бастауыш сыныптарының оқушылары. Ал қалған 5 пен 11-сынып арасындағы 31600 оқушы әлеуметтік осал топ санаты бойынша ақысыз ас ішеді.
Министрлік жариялаған ақпаратқа сүйенсек, «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры республикалық сауалнама жүргізіп, қамтылатын тегін тамақтың сапасына қазақстандықтардың тек 53 пайызының ғана көңілі толады деген көрсеткіш шығарған.
Ал қалалық білім басқармасы аталмыш тамақтану бойынша тұрғындар көп шағым арқалап келмейді, дейді. Тек бекітілген мәзірді айтып, қуатты ас-ауқат беруді сұрайды екен. Бұл ретте қалалық ата-аналардың бір парасы мұны тегін беріліп жатқан тамақ болған соң, дәнеңе деуге тартынамыз деп түсіндірді.
Ата-ана: «Тамақ іштіңдер ме деймін. Иә, тамақ іштік дейді, қандай тамақ іштіңдер деп бір ауыз сұраймын сорпа-макарон жеп келдік дейді. Бірде дәмсіз болды, бірде дәмді болды деп келеді әйтеуір».
Ата-ана: «- Порциясы ауқымды? — Иә, тіпті жей алмайды. Менің екінші немерем екінші класстағы айтады, мен тауыса алмаймын дейді. Ботқа береді екен үнемі».
Тамақтану мәселесі талданған үкімет отырысында жергілікті әкімдіктер мектеп асханаларының материалдық-техникалық базасын жақсартуға ерекше бақылау жасауы қажет деп айтылды. Және инфляция деңгейін ескере отырып, тамақтану құнын да реттеп отыруы керек екен. Жалпы республика бойынша жүргізілген тексерісте, 162 млрд. бөлінген тамақтану жобасында 771 бұзушылық белгілі болды. Осыншама түйіткілдер торлаған тамақтану бағдарламасын жүйелеп, ас-ауқаттандыру сапасын жақсарту үшін Премьер-министр Олжас Бектенов жыл соңына дейін тамақтану стандартын әзірлеуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: «Бүгінгі таңда 403 мектепте асхана жоқ, сондықтан онда балалар ыстық тамақпен толыққанды қамтамасыз етілмеген. Мектептегі, әсіресе шағын және шалғайдағы мектептерде қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыру мәселесінде толық тәртіп орнату қажет. Тамақтану сапасын жақсарту және жеткізушілердің жауапкершілігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдаған жөн».
Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы бақылау органдарының жұмысын жандандыру керек дейді. Ал шымкенттік жауаптылар өз бетінше жүргізген тексерісте ауқымды кемшіліктерді кездестірмеген. Қалада тамақтан улану немесе сол сынды тамақтану залалдары орын алған емес деген басқарма, тек ұсақ бұзушылықтар болатынын айтады. Дегенмен кешегі өткен республикалық мониторингте қызыл жанған Шымқалаға, Ғани Бейсембаев бастаған министрлік біраз құлаққағыс жолдады.