Шымкент қалалық перинаталдық орталығында бактериологиялық зерттеулер жүргізіледі

24
фото ӘМСҚ ШФБҚ

Шымкент қалалық перинаталдық орталығының бактериологиялық зертханасында бактериологиялық зерттеудің 35 түрі жүргізіледі және 400-ден астам микроорганизм түрі 24-48 сағат аралығында анықталып, олардың антибиотиктерге сезімталдығы белгіленеді.

Жоғары сапалы және жылдам қызмет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жүзеге асырылуда. Зертхана соңғы үлгідегі «Vitek 2 Compact» және «BACT/ALERT®️3D» автоматтандырылған анализаторларымен жабдықталған.

-Бактериологиялық зертхана зерттеулерді мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүргізуге және зерттеу сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық жабдықтардың бірегей жиынтығымен жабдықталған. Бұл қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қолжетімді және әрбір пациентке жылдам әрі дәл нәтижелерді алу мүмкіндігін береді,-дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығы бактериологиялық зертханасының бас маманы Бота Карабасова.

Жоғары сапалы технологиялар дәрігерлерге инфекциялық ауруларды ерте анықтап, емдеуді дер кезінде бастауға және дұрыс ем тағайындауға мүмкіндік береді. Орталықтың бактериологиялық зертханасы бүгінгі таңда қаладағы 32 медициналық ұйымға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сыртқы сапа бақылауынан 100% сәйкестікпен өткен.