«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бригадасына мерзімді әскери қызмет етуге келгендер әскери ант қабылдады. Іс-шараға әскери бөлім қолбасшылары, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен жақындары да қатысты. Жиында Әскери бөлімшенің техникалық мүмкіндіктері де таныстырылды.
Шымкентте 160 сарбаз Отанына адал болуға ант берді. Елдiң қалқаны болып, қызметімді адал атқарамын дегендер қатарында Мағжан Иманбаев та бар. Қатардағы жауынгер әскери борышын лайықты орындауға, елдің бостандығын, халқы мен Отанын батыл қорғауға серт берді.
Мағжан Иманбаев, 35748 әскери бөлімінің сарбазы: «Бүгін міне әскери антымызды қабылдап жатырмыз. Өзіміздің жауынгерлік достарымызбен бірге. Өте ерекше, керемет сезімде тұрмын. 1 жылдан кейін үйімізге қайтамыз. Құдай қаласа. Қазір әскери істі сапалы және ұқыпты оқып, үйренуге әзірміз. Елімізге адал және тиянақты қызмет етуге дайынбыз»
Жас сарбаздардың ата-аналары мен жақын туыстары бұл рәсімді көздеріне жас алып, мақтанышпен қадағалады. Жауынгерлерді бүгінгі маңызды оқиғамен бригада басшылығы да құттықтады. Жауаптылар мерзімді әскери қызмет етуге келгендер 1 ай бойы әскери ілімнің негіздерін үйренді дейді.
Сергей Бибулатов, 35748 әскери бөлімінің командирі: «Жас жауынгер курсында жігіттер саптық дайындық негіздерін, әскери жарғыларды, қару-жарақ түрлерімен танысып, оларды үйренді. Бір сөзбен айтқанда, әскери өмірге қарқынмен енді. Сарбаздарымыз еліміздегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етеді деп сенемін»
Ант беріп, салтанатты шерумен өткеннен кейін жас сарбаздар өздерінің дайындаған қойылымдарын ұсынды. Олар қару-жарақ пен саптық техниканы, дефилені және әскердің қоян-қолтық ұрыс техникасын орындады. Жауынгерлер енді 1 жыл бойы ел тыныштығы жолында қызмет атқарады.