Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы балаларға ортодонтиялық көмек көрсетілуі артып келеді. Бұл қызмет тіс-жақ аномалиялары мен жақ-бет аумағының туа біткен патологиялары бар балалар үшін тегін ұсынылады.
МӘМС арқылы ортодонтиялық көмек 6 жастан 12 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға да қолжетімді. Осылайша, балалардың денсаулығын қорғау барынша қамтамасыз етіліп, өмір сапасын арттыруға мүмкіндік берілуде.
Шымкент қалалық стоматологиялық емханасының дәрігерлері биылғы жылы шамамен 1500-ге жуық балаға осы қызмет түрін көрсеткен. Стоматолог-ортодонт Болат Ирисбеков ортодонтиялық емнің қоянжырық пен жырықтаңдай диагнозымен туылған балалардың денсаулығына тигізетін пайдасы зор екенін айтады. Бұл қызметтің арқасында балалардың тіс-жақ аномалиялары уақытында түзетіледі дейді ол.
Шымкентте МӘМС жүйесі аясында стоматологиялық көмектің көлемі де ұлғаюда. Қала аумағында қазіргі таңда медициналық сақтандыру шеңберінде 45 стоматологиялық клиника қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, емханалардағы тіс емдеу кабинеттері көмек көрсетеді. Тіс дәрігеріне көріну үшін емханадан жолдама талап етілмейді.
Жалпы, МӘМС бойынша тегін тіс емдеу көмегі халықтың белгілі санаттарына қол жетімді. Атап айтқанда, жоспарлы стоматологиялық көмекті балалар мен жүкті әйелдер ала алады.
Шұғыл жағдайда 18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; 1, 2, 3 топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар; Атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер; жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар; ерекше баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көмек көрсетіледі.