Шымкенттіктер аудан әкімінің жұмысын бағалай алады

22

Шымкенттіктер енді аудан әкімдері мен басқарма басшыларының жұмысын бағалай алады. Бұл туралы қалалық цифрландыру басқармасының басшысы айтты. Мұхит Кемелов сонымен қатар, қалада интернет сапасы әлі де төмен екенін атап өтті. Кемшілікті жою мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Енді тұрғындар аудан әкімдері мен басқарма басшыларының жұмысын бағалай алады. Ол 109 қосымшасы арқылы жүзеге асады. Келіп түскен шағымдар мен олардың орындалуына қарай басшылардың рейтингі қалыптасады. Ол үшін шымкенттіктер 109 мобильді қосымшасын жүктеп, мазалаған мәселесін сонда жазуы тиіс.

Мұхит Кемелов, Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы: «Әсер ету жағынан техникалық мүмкіндік бар. Бірақ мобильді қосымшаның жүктелуі төмен. Бұл біздің жұмысымыздың кемшілігі шығар. Егер көп арыз беріп, істей алатын болсақ, негізі техникалық жағынан мүмкін ол бағалау».

Ал Ikomek қызметіне байланыс сапасына қатысты түсетін шағымдар азайған. Проблеманың басым бөлігі — бағаналар мен желілерге қатысты дейді цифрландыру басқармасының басшысы. Дегенмен Мұхит Кемелов, арыз-шағымның бәсеңдегеніне қарамастан, интернет сапасы әлі де төмен екенін жасырмайды.

Мұхит Кемелов, Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы: «Бізге ең көп арыз-шағым түсетін мобильді байланыстың сапасы емес. Бізге ең көп түсетін, бұл — «Қазақтелеком» деген мекеме бар, солардың құдықшаларының ашық қалып кетуі, одан бөлек осы компанияның ағаш бағаналарыны авариялық жағдайда болуы, линияларының салбырап тұруы туралы көп шағымдар түседі. Бірақ интернет сапасы әлі де төмен. Оның өте көп себебі бар, біріншісі – компания жауапкершілігі».

Қалада қоқыс жәшіктеріне арналған 6 орында кюар код тақтайшасы орнатылған. Ал бір мекенжайда бейнебақылау камерасы қойылған. Ол қоқысты арнайы жәшіктерге тастау, толған жағдайда уақтылы тазартылуын қамтамасыз ету, өрт жағдайларын дер кезінде анықтайды. Дегенмен, камераларды басқа да орындарға қою қаражатты талап етеді. Бұл мақсатта мамандар тиісті басқармаларға ұсыныс жібергенін айтады.

Мұхит Кемелов, Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы: «Қаржыны мүлдем көп талап етпейтін – кюар код тақтайшаларын орнаттық. Оны біз қазір 6 мекенжайға қойып тастадық әр ауданға. Бірақ сол кюар код арқылы түсетін өтініш шағымдардың аздығы байқалды. Біз күткендей болмады. Әзірше біз екі себеп көріп тұрмыз. Бірінші – тұрғындар тарапынан кері байланыстың жоқтығы. Ол да болуы мүмкін».

Сонымен қатар, қаладағы жол қозғалысын басқару жүйесі бойынша Шымкент аумағында орналасқан 190 көше қиылысына бағдаршам нысандарын интеллектуалды көлік жүйесіне қосу жұмыстары атқарылып жатыр. Қазіргі таңда, интернет желісіне қосу мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған орай, жыл соңына дейін интеллектуалды көлік жүйесін іске қосу жоспарланған.