Тарихы терең көне қала жаңарып жатыр

Түркістан қаласының күш-қуаты – оның тарихы. Бүгінде Түркістан облысының орталығына айналған Түркістан қаласы әрі көне әрі жаңа тарихтың тоғысында өзгеріп жатыр. Парламент қарауында «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы» заң жобасы да бар. Осы орайда Түркістан қаласының бас сәулетшісі, ҚР сәулетшілер одағының мүшесі Мұхит Көшеновпен сұхбаттастық.

— Шамшырағы қайта жанған шаһардың сәулет саласында қандай жаңалықтар бар?
— Өздеріңізге белгілі болғандай, «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы» Заң жобасы әзірленіп, Парламент мәжілісінде қаралды. Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі Түркістан облысына сапарында берген тапсырмасына және 2023 жылғы 10 сәуірдегі қарарына сәйкес әзірленген. Оны әзірлеуге Түркістан қаласының Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танылуы да негіз болды. Сонымен бірге, орталықтың ерекше мәртебеге ие болуына мұндағы көне жәдігерлердің және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі, халық санының тез өсуі де ықпал етті деуге болады.
Бүгінде осы заң жобасы негізінде: шаһардың құрылыс регламенті мен дизайн коды және орталықтың құрылысын жоспарлау тәртібі айқындалып жатыр.
Аталған жоспар қаланың сәулет келбетін қалыптастыру үшін шаһардың ландшафттық-табиғи, тарихи- функционалдық және жергілікті ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленуде. Нәтижесінде рухани шаһардың өзіндік сәулет стилін қалыптастыруға негіз болатын төл құжаты дайындалады.

— Шаһардың түркі дүниесінің астанасы болғаны баршаға мәлім, енді осы атау қаланың сәулет және құрылыс саласына қандай өзгеріс әкелді? Аталған мақсатта қандай жаңа сәулеттік жобалар ұсынасыздар?
— Түркістан Түркі Әлемінің рухани астанасы ретінде танылғалы бері, қала аумағында салынуы жоспарланған нысандардың барлығына шығыс стиліндегі жобаларды жасау ұсынылды. Бұл өз кезегінде, облыс орталығының сәулет стилінің біркелкі болып қалыптасуына әсер ететін болады.
Бүгінде аталған жоба жаңа қабырғасы қаланған- Қолөнершілер орталығында жүзеге асырылып жатыр. Ұлттық қолөнердің дамуында игілікке жарайтын орталықтың ішінде — шоурум, көрме залы, 20 қолөнершінің сауда нүктесі мен келушілерге саялы бақ, базар, ресторан, қонақ үй, автотұрақ аймағы болады. Бұдан бөлек, аумағы 1,13 гектар болатын 500 орынға шақталған мәдениет үйінің құрылысы басталды. Нысанда өнерпаздарға арнап, ашық алаңнан сахна, саябақ, автотұрақ және балалар ойын алаңшасын салу да назарға алынған. Мәдениет үйінің құрылысы келер жылы аяқталып, қолданысқа беру жоспарланған. Сондай- ақ, қала 5 қабатты 20 тұрғын үймен толысады. Жалпы аумағы 9, 58 гектарды қамтитын нысан «Отырар» шағынауданында орналасқан. Аталған нысанда 800 пәтер бар. Әр тұрғын үйде 40 пәтерден орналасады деп жоспарланып отыр.

— Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жұмыс нәтижесі қандай?
— Жыл басталғалы бөлім тарапынан жалпы 14 863 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде, СЖТ беру-2350, эскиздік жобасын келісу-1890, мекенжай анықтамасын беру-4650 және т. б. Сондай-ақ, Түркістан қаласының Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда, барлық бастапқы құжат жинақталды. Негізгі сызбасы әзірленуде. Осы жылдың желтоқсан айында қоғамдық талқылау ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

— Соңғы алты жылдағы шаһардың сәулеті мен құрылысы саласы қандай өсім көрсетті?
— Соңғы алты жылда құрылыс жұмыстарының көлемі: 2019 жылы 110 млрд теңгені құраса, биыл жыл басынан бергі есеп бойынша құрылыс көлемі 154,3 млрд-қа ұлғайған. Өсім- 128,1 пайызды көрсетіп тұр. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша қала көш бастап тұр (биыл — 529 400 ш. м. метрді құрап отыр). Оның жыл басынан бері 363 400 ш. м. пайдалануға берілді. Айта кетейік, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,6 пайызға өскенін көрсетеді.

Бұл мақала Ontustik Rabat газетінің
№ 45 санында (07.11.2024 ж) жарияланды