Театр фестивалі керемет нотада аяқталды

23
фото Отырар кз

Шымкентте өткен Орталық Азия елдері театрларының кезекті 9-шы фестиваліне ұйытқы болған М. Әуезов театры мәдени шараны қонақ кәдемен тәмамдады. Қазақ театр өнерінің қара шаңырағынан келген ұжым көрермен назарына «Сүйікті менің ағатайым» драмасын ұсынды. Қойылымда елімізге белгілі театр өнерпаздары Азамат Сатыбалды, Гүлшат Тутова, Берік Айтжанов сынды әртістер өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне ие болды.

Қазақ театр өнерінің қара шаңырағы М. Әуезов театры өз қоржынындағы классикалық қойылымдардың бірі «Сүйікті менің ағатайым» драмасымен Шымкенттегі фестивальді керемет түйіндеді. Бұл мәдени шараның өтуіне мұрындық болған театр ұжымы Шымкенттегі фестивальге сән беру үшін арнайы белді-беделді өнерпаздарымен келген. Азамат Сатыбалды,  Берік Айтжанов, Гүлшат Тутова сынды әйгілі әртістер сомдаған «Сүйікті менің ағатайым» қойылымы шымкенттік көрермендерді сүйіспеншілікке бөледі.

Гүлшат Тутова, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі: «Бұл қойылым Антон Павлович Чеховтың «Дядя Ваня» дегені бар ғой, біз соны қазақшалап «Сүйікті менің ағатайым» деп алғанбыз. Режиссері — Асхат Маемиров. Бірнеше жыл болды, біздің театрдың сахнасында қойылып жатыр. Енді дядя Ваня дегенді бұрын біздің театрда Әнуар ағамыз ойнаған. Мәскеуде нағыз дядя Ваняның бейнесін көрсетті деп орыс театртанушылары баға берген, үлкен баға берген. Бұл спектакльдің желісі бойынша енді дядя Ваняның тағдыры туралы ғой. Өмір бақи өзінің өміріне деген өкініші туралы».

Антон Чеховтың классикалық шығармалары қашан да көрерменнің көңілінен шыққан. Дегенмен қойылымдағы әр кейіпкерді жоғары деңгейде сомдамай, негізі идеяны жеткізу мүмкін емес. Ол үшін рөлде өмір сүріп, рөлді өзіңе сіңіру қажетсің дейді спектакльдің басты кейіпкерін сомдаушы – Азамат Сатыбалды. Оның айтуынша әуелі өзіңді сендіру міндетің, әйтпесе барлығы зая кетеді.

Азамат Сатыбалды, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі: «Бұл енді кәсіби деңгей ғой. Өйткені сен рөлге дайындалғаннан кейін сол рөлдің атмосферасында өмір сүру бар, уақыты келгенде одан шығу бар, оның барлығы кәдімгідей тәжірибемен келетін дүние. Бұл енді ауыр спектакль, әрине түсінемін. Бірақ бұл ауыр спектакльді актер өзінен өткізбесе, оған көрермен сенбейді. Ал көрермен сенбесе бұл спектакль дұрыс емес деген сөз. Сондықтан да біздің ең басты міндетіміз әртіс ретінде сол оқиғаға сеніп, өзіміздің ішімізден өткізіп, көрерменді соған сендіре білу».

Орыс әдебиетінің ең маңызды драмалық туындыларының бірі «Сүйікті менің ағатайым» шығармасы классикалық жанры себебінен фестивальге арнайы таңдалып алынған. Ұжым директорының айтуынша бұл театрлар бәйгесі болғандықтан, динамикалық қойылымдардың қарасы көп болған. Сондықтан да әралуандылық тудыру мақсатында аталмыш қойылым қонақ кәдеге арнайы белгіленген. 2 сағаттан астам сахналанған қойылымды қалың көрермен сілтідей тынып тамашалады.

М. Әуезов театрының репертуарындағы бұл қойылым өзінің өзектілігімен ерекшеленеді. Себебі бұл спектакльде адамдардың өздерін түсіне алмай жүретінін, шындықпен бетпе-бет келуден жалтарып, армандағы өмірді әрекетсіз күтетіні көрсетіледі. Бүгінгі жылтыраған дүниелер шаш-етектен заманда, бұл тақырып үлкен көлемдегі қоғам дертінің бірі. Спектакльді тамашалаған көрермен осы мәселені сырттан көре алады.

Еркін Жуасбек, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры: «Бұл фестивальге, конкурсқа қатыспағандықтан өзіміздің репертуарымызда жүріп келе жатқан бұл қойылымды, көрерменге көбірек әртүрлі қойылымдарды көрсету ниетімен сахналадық. Мәселен, өздеріңіз көрдіңіздер ғой көбі өздерінің ұлттық драматургиясын әкелді. Көбі өздерінің бүгінгі заманауи драматургиясын әкелді. Сондықтан жалпы театр репертуарында классиканы да сахналау болады деген тақырыпты көрермен түсінсін деген ниетпен біз осы спектакльді ұсындық. Өздеріңіз көрдіңіздер, ине шаншар жер жоқ. Спектакль өте сауатты әрі сәтті өтті».

Классикалық қойылым қашан да трендте. Қазақстанның көшбасшы театры сахналаған қойылымды фестивальге келген көптеген түркі өнерпаздары тамашалады. Бұған дейін бірнеше жыл сахналанып келе жатқан спектакль бұл жолы ерекше сәтті шықты.

Чеховтың шығармаларын сахналау күрделі, бірақ труппа жарады. Осылай деп қойылымды жоғары бағалаған көрермендер көп болды. Соның бірі – Ұлжалғас Темірова. Ол осы апта бойы тұрақты түрде спектакль тамашалап келеді. Өзі ғана емес студенттерімен бірге келіп, қойылым тамашалайды. Онан соң оны өз алдына топтасып талдайды. Бұл балаларға мәдениетті, тәрбиені сіңіреді. Осындай мүмкіндік беріп жатқан университет басшылығына алғыс айтам деді – оқытушы.

Ұлжалғас Темірова, оқытушы-көрермен: «Әрқайсысы өзінің әртістігін көрсетті. Өте жоғары деңгейде өтті. Енді сол кездегі интеллигенцияның жағдайын әдемі жеткізіп берген сияқты. Өте қуаныштымын. Мынау фестивальдің аясында бірталай дүниеге біз куә болдық. Осы фестивальде жастарды өнерге тартуға өте мүмкіндік болды деп ойлаймын. Мынау бірінші курстың студенттерін театрға баулу, өнерге баулу, жан дүниесін кеңейту үшін біраз жұмыс жасаумыз керек деген ниетпенен осылай қойылымға ап келеміз. Студенттерге өте жақсы әсер етеді».

Осынау кереметтей қойылым мен түркітілдес өнерпаздардың басын қосып, фестиваль өткізуге мұрындық болған Мұхтар Әуезов театрына ТҮРКСОЙ ұйымы арнайы құрмет көрсетті. Ұйымның кеңесшісі Кемаль бей Гөз түркі мәдениетін және өнерін дамытып жатқаны үшін, халықаралық ұйымның алғыс хаттары мен төсбелгілері және «Алтын Лашын» статуэткасымен М. Әуезов театырының өкілдері Азамат Сатыбалды, Елік Нұрсұлтан, Зарина Кармен, Ғани Әлімбаев және Салтанат Бақаеваны марапаттады.

Қойылымнан шыққан көрермендердің басым көпшілігі осындай спектакльдер көптеп сахналанса екен деген тілек білдіреді. Себебі санадағы қарама-қайшылықтың жауабын театр өнерінен таба алады. Мұндай спектакльдердің маңыздылығы – адамның ішкі әлеміндегі бұлқан-талқан сезімді ашып көрсетеді. Өкініш пен қайғының неліктен қайталана беретінін бейнелеп, көрерменге түзу бағытты нұсқайды.