21 қараша – телевизия күні. Бұл көгілдір экранда көрсетілетін бағдарламалар, сюжеттер мен репортаждарды дайындайтын мамандардың мерекесі. Бүгін біз сіздерді экран артында жұмыс істейтін қызметкерлердің күнделікті еңбегімен таныстырамыз.
Күн сайын миллиондаған көрермен соңғы жаңалықтарды, репортаждар мен қызықты оқиғаға толы бағдарлама көру үшін теледидар қосады. Ал мұның бәрін жасау үшін тілшілер оқиға орнына барады, сұхбат алады және әр сюжеттің дауысына айналатын мәтіндер жазады. Көрермен уақытында ақпарат алу үшін тынбайтын журналистің жұмысы таңертең басталып, түнде аяқталады.
Лаура Бабастың «Отырар» телеарнасында жұмыс істеп жүргеніне 2 жыл болды. Алғашқы түсірілімде қол-аяғым қатты дірілдеп қобалжыдым деген жас журналист қазір маңызды ақпараттарды дайындап, тұрғындардың мәселесін шешуге, әділдікке қол жеткізуге көмектесіп жүр.
Лаура Бабас, тілші: «Мен дипломымды алғаннан кейін бірден телеарнаға жұмысқа келдім. «Отырар» телеарнасы менің алғашқы жұмыс орным. Телеарна – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан мен халықтың проблемасын шешкім келді, проблеманы биліктегілерге жеткізгім келді. Сондықтан осы саланы, осы жолды таңдадым. Ал менің алғашқы түсірілімім – халықтың проблемасын көтеретін сьемка болды. Ақтасқа жол мәселесі бойынша барған едім, бір қуантарлығы кейін сол жолды да жөндеп берді, бағдаршам да қойылды. Мен соған қуаныштымын».
Оператор — теледидардың көзі. Көрерменнің оқиғаны қалай көруі – тікелей оператордың шеберлігіне байланысты. Давран Абдиев үнемі камераның артында жүргенімен, оның шеберлігі көрермендерге оқиғаны ең жақсы жағынан көруге мүмкіндік береді. Осындай мамандардың арқасында экрандағы кадрлар жанды, әсем, эмоцияға толы болады және есте қалады.
Давран Абдиев, оператор: «Ильдар деген досым үйретті әбден операторлыққа. Негізі студия операторы болып жүрдім, түсірілімге баратын оператор болсам да. Бір күні ол кісінің орнына сьемкаға шығу керек болды Шуддин Саидовпен Риксосқа. Кейін группаға жазыпты «мына оператор неге студияда отыр, түсірілім операторы ғой» деп. Міне, 8 жылдан бері осы камерамен айырылмай жұмыс жасаймын. Маған ұнайды жұмысым».
Сюжет түсірілгеннен кейін монтаж маманының жұмысы басталады. Монтаждау — бұл жоқтан бар, кадрлардан толыққанды оқиға құралатын жер. Монтаж — жай ғана қажет кадрлады кесу емес дейді Александр Крапивкин. Бұл көрерменге негізгі ойды жеткізу үшін әр секунд сайын қажет бейнені таңдайтын маңызды жұмыс.
Александр Крапивкин, монтаж маманы: «Жұмыс өте қызықты, көптеген эксклюзивті ақпаратты бірінші болып білеміз. Сонымен қатар бұл өте шығармашылық процесс, кішкене ғана бөліктерден, көруге тұрарлық дүние шығару қажет».
Телеарнада тілшілер, операторлар мен монтаж мамандары, техниктер, эфирлік студия қызметкерлері және басқалары сіз көретін материалды дайындауға барын салады. Сіздер көріп отырған дәл осы сюжет те сондай махаббатпен жасалды.
Гүлдана Сейдрасул