Төлеби ауданының әкімі тағайындалды

45
фото ТОӘБҚ
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Төлеби ауданы мәслихаты депутаттарының келісімдері бойынша, Түркістан облысы әкімінің өкімімен Түркістан облысы, Төлеби ауданының әкімі болып Еркеғали Амантайұлы Әлімқұлов тағайындалды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа әкімді аудан активіне таныстырды. Аудандық мәслихат депутаттары жаңа әкімнің канидатурасына қолдау білдірді.
Облыс әкімі жаңадан тағайындалған аудан әкіміне басты назар аударып, атқаруды қажет ететін бірқатар мәселелер міндеттеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқындап берген бағытта халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуді, ауданда жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, инвестициялар мен озық технологиялар тартып, өндірілетін өнім көлемін арттыру бойынша жұмыстарды жүргізуді жүктеді. Ең алдымен, аудан тұрғындарына барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасап, ауыл, елді мекендері жайлы, қауіпсіз, таза әрі көрікті аумаққа айналдыруды тапсырды.
– Бүгін аудандық мәслихатының сессиясына Төлеби ауданы әкімі қызметіне жаңа кандидатура ұсынылып, депутаттар тарапынан қолдау тауып отыр. Біздің басым бағыттарымыз белгілі. Ол – өндіріс орындары мен зауыттар ашу, инвестиция тарту. Оған қоса Төлеби ауданында ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту керек. Мүмкіндік мол. Жұмысты ширату керек. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік және басшылық қызметтерде шыңдалған Еркеғали Амантайұлы бұл бағытта жүйелі іс атқарады деп сенемін. Ауданның даму жоспарын нақтылап, жалпы өнім көлемін, өзіндік кірістерді арттыру керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Еркеғали Әлімқұлов 1981 жылы, 6 маусымда Төлеби ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандықтары: кеден ісі, құқықтану, экономика. Еңбек жолын 2003 жылы жылы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі аймақтық бөлімшелердің жұмысын үйлестіру басқармасында жетекші маман ретінде бастаған. ҚР Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитетінде, Бәсекелестікті қорғау агенттігінде жұмыс істеген. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі, Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы, ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры, «AMANAT» партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары болды. 2022 жылы Астана қаласы әкімдігінің «Astana» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы болды. 2023 жылдың қаңтар айынан бері Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келді.