Түркістан қаласында 7 мыңнан аса жұмыс орны ашылады

26

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптылармен бірге Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму болжамын талқылады. Жиында өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту мәселесі талқыланды. Бұл бағытта облыс әкімі сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

2030 жылға қарай Түркістан өзін-өзі қаржыландыратын шаһарға айналуы тиіс. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қаланың дамуына қажетті инфрақұрылымның төмен екендігін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды жан-жақты күшейтуді тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі де бекер емес. Облыс орталығында халық саны артып келеді, жұмыс күші де жеткілікті. Барлық жағынан дамуға мүмкіндік бар. Халықаралық әуежайдың салынуы, «Батыс Европа – Батыс Қытай» автодәлізі мен теміржол торабының бойында орналасуы туристерді көптеп тартуға серпін береді. Жуырда өткен инвестициялық форумда біраз келісім жасалды. Соның өзі шаһардың экономикасын көтеруге үлес қосады. Бірақ мұнымен шектелмей, инвестиция тартуды тоқтатпау керек. 2030 жылға қарай Түркістан өзін-өзі қаржыландыратын шаһарға айналуы тиіс. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер»

Жиын барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы баяндама жасады. Сөзінше, соңғы 4 жылда қала экономикасына 1 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылған. Ал, 2030 жылға дейін бұл санды 3 есеге арттыру жоспарланған.

Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан қаласының әкімі: «Биылғы жылдың жоспары бойынша инвестиция көлемі 390 млрд. тг құрап отыр.  Алдағы 6 жылда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін 4,6 трлн. тг арттыру жоспарланған. Орташа инвестициялық өсім көлемі 20-22 % құрайды. Жалпы салыстырғанда өсім 3 есеге дейін болады»

Сондай ақ, кездесуде алдағы уақытта жүзеге асатын инвнстициялық жобалар туралы да айтылды. Жауаптылар жоспар бойынша 7 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатынын мәлімдеді.

Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан қаласының әкімі: «Жоспарлы кезеңде инвестициялық жобалар пулы қалыптасқан. Жобалар саны 192. Жобалардың жалпы құны 541 млрд. тг жуықтайды. Жұмыс орны 7452 адамға дейін өседі деп жоспарланып отыр»

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Түркістан бүкіл елдің мақтанышы екенін атап өтті. Бұл аймаққа ерекше назар аудару қажет деген Президент рухани мұраны сақтай отырып, оны қорғау керектігіне тоқталған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Түркістан — біздің мақтанышымыз, түркі әлемінің бесігі, әлемге әйгілі киелі мекен. Бұл қасиетті қала біздің тарихымызда ерекше орын алады. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — біздің руханиятымыздың мызғымас тірегі. Сондықтан біз Түркістанға және жалпы осы аймаққа ерекше назар аударуымыз керек. Бұл — Үкіметтің маңызды міндеті»

Айта кетейік, бүгінде Түркістан халқының саны 234 мыңнан асты. Оның 80 мыңға жуығы жұмыспен қамтылған. Соның ішінде 30 мыңнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.