Түркістанда халықаралық инвестициялық форум өтті

22

Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы жұмысын бастады. Халықаралық форумның негізгі мақсаты – Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстыру және өңірдің шет елдермен экономикалық байланыстарын нығайту. Сонымен қатар инвестиция тартып, өндіріс орындарын көбейту.

Халықаралық форумда инвесторларға Түркістан өңірінің қолөнері, туристік дестинациялары таныстырылып, таза табиғи ауыл шаруашылығы өнімдері көрсетілді. Сондай-ақ облыста жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар таныстырылымы болды. Форум аясында «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығы» тақырыбында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Форумға арнайы келген шетелдік инвесторларға өңір басшысы Дархан Сатыбалды алғысын білдірді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:  «Түркістан қаласында ұйымдастырылып отырған халықаралық инвестициялық форумға қош келдіңіздер! Бүгінгі форум жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған маңызды алаң. Халықаралық инвестициялық форумға Қытай Халық Республикасынан 120 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осы күнге дейін бірнеше рет кездесіп, екі жақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойған. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығая түсуде. Соңғы 20 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 44 млрд. АҚШ долларын құрады. Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 110 млн. АҚШ долларын құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды».

Пленарлық отырыс барысында Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулының орынбасары Люй И халықаралық іс-шараның елдер арасындағы достықты нығайтудағы маңызы туралы айтты. Басқосуда Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері , сондай-ақ облыс әкімі өңірдің мүмкіндіктері баяндап берді.

«Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және барлық салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттар орнатылған шағын өнеркәсіптік парктер бар. Жоғарыда аталған инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында негізгі каптиталға тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 972 млрд теңгені құрап, 1 триллионға жуықтаған. Бұл көрсеткіштер аймақта өндірістің дамып, өнеркәсіптің дамып жатқанын айғақтайды. Әрі өңірде былтыр өңдеу өнеркәсібінде 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Айта кетейік, «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM» (ОҚЫЛУЫ: Тёркистән ИнвЕстмент Энд ТоурИзм) форумының негізгі мақсаты — облыстың инвестициялық әлеуетін таныстыру және өңірдің шет елдермен экономикалық байланыстарын нығайту болып табылады. Халықаралық инвестициялық басқосу ертең де жалғаспақ.

Шынар Оразова