Түркістанда халықтың 85 пайызы газбен толық қамтылады

16

 

Түркістан облысында жыл соңына дейін халықтың 85 пайыз үлесі, яғни 1,8 млннан астам тұрғын газбен қамтылады деп көзделіп отыр. Жалпы өңірде табиғи газды жеткізу бойынша 112 жоба жүзеге асып жатыр. Оның 54-і биыл бітіп, 47 елді мекен газбен жабдықталмақ. Мұнымен облыстағы көгілдір отынмен қамтылған елді мекендер саны 557 ге жетеді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістанда газ, су, электр және инфрақұрылыммен қамсыздандыру бойынша 300 — ден астам жоба жүзеге асуда. Жыл соңына дейін оның 200 — ге жуығы аяқталады деген жоспар бар. Арнайы мәжілісте облыс басшысы тарапынан жұмысты ширату керек деген тапсырма жүктелді. Жауапты басқарма басшысы берген мәліметке сүйенсек, бұл бағытта атқарылған жұмыстар баршылық.

Руслан Мұздықбеков, облыстық энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «2024 жылы энергетика басқармасы арқылы 323 нысан іске асырылып жатыр. Оның 13 нысаны бизнеске жол картасы аясында, 14 нысан кәріз, 4 нысан жылу, ауыз су бойынша 122 нысан, электрмен жабдықтау 58 нысан, газбен жабдықтау 112 нысан іске асырылып жатыр. Оның басқарма тапсырушы болып саналатын сандары 13. Ал аудан қала әкімдіктері тапсырушы болып табылатын сандар саны 310 көрсеткішті құрап отыр».

«Ең бірінші мәселе – ауыз су», деді облыс басшысы. Бұл бойынша жоспарланған 122 нысанның 96-сы биыл аяқталмақ. Нәтижесінде жаңадан 30 елді мекенге ауыз су беріледі. Ал электрмен жабдықтау бойынша жыл соңына дейін 41 елді мекеннің халқы сапалы электр қуатына қол жеткізеді. Сондай-ақ өңірдегі «Қызыләскер», «Алатау» қосалқы станцияларының құрылысы да аяқталуға жақын.

Айта кетейік, бүгінде облыста өндірістік инфрақұрылым жұмыстары қарқынды жүруде. Келес ауданында жылыжай, Шардара ауданында жүгері өңдеу зауыты және Түркістанның бірқатар индустриалды аймақтарында инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар тағы да жалғасатын болады.

Әділет Әнуар