Түркітілдес театрлар фестивалінің үздіктері белгілі болды

25

Шымкентте өткен түркітілдес театрлар бәйгесі өз мәресіне жетті. 1 аптаға жалғасқан халықаралық шараға отандық және шетелдік театрлардан іріктелген 9 ұжым қатысқан еді. Нәтижесінде 6 номинация бойынша үздіктер анықталды. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ ұйымының кеңесшісі шараға арнайы келіп, түркі өнерінің өркендеу жолындағы ерен еңбектерді ерекше бағалады.

Апта бойы жалғасқан түркітілдес театрларының бәйгесінде «Үздік спектакль» номинациясын «Ләйлі-Мәжнүн» қойылымы жеңіп алды. Ғашықтық дастанын сахналаған өзбекстандық ұжым бұл бәйгеге қыркүйек айынан бері 3 ай дайындық жүргізген екен. Алайда қойылым алдында біраз кедергілерге тап болған. Басты рөлдегі әртістің бірі ауырып қалса, спектакль сахналаған орыс драма театрында техникалық жайсыздықтар туындаған. Осыған қарамастан бар күшімізді салдық деген театр өкілі, еңбек ақталғанына дән риза.

Нуржалал Холиков, «Ләйлі-Мәжнүн» қойылымының синограф-суретшісі: «Біз бұл фестивальде 100 пайыз дайын болып ойнай алмадық. Бірқатар кедергілер туындады, мәселен басты кейіпкердің бірін сомдаушыны денсаулығына байланысты алмастыруға тура келді. Дегенмен біз тоқтап қалмадық, көріп тұрғандарыңыздай, Құдайға шүкір жүзіміз жарық болып тұр. Спектакльде 9 әртіс ойнады. Біз бұл қойылыммен Бакуде өткен халықаралық фестивальде гран-при алдық. Бұл біздің екінші халықаралық жүлдеміз. Шымкентте өткен фестиваль өте жоғары деңгейде өтті. Қонақжайлылықты сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Шынымды айтсам, өзімізді шетелде емес, үйімізде жүргендей сезіндік».

Асанәлі Әшімов бастаған 5 халықаралық төреші өзара бақ сынасқан 9 театр арасынан 6 номинация бойынша үздіктерді анықтады. Қазылар алқасы әр қойылымның бірі-бірінен оза шауып, әр әртістің ерекше өнер көрсеткенін алға тартты. Таңдаудың оңай болмағандығы, фестиваль деңгейінің артқаны. Өнер абызы осындай шараға ұйытқы болып, жоғары деңгейде өткізген Шымкент қаласына зор ризашылығын білдірді.

Асанәлі Әшімов, Қазақстан және КСРО Халық әртісі: «Келген қонақтар қатты риза. Қарсы алу, құрметтеу, марапаттау, қаланың тәртібі осының бәріне риза боп қолдарын соғып отыр. Біз оларға екі есе ризамыз. Келген қонақты қарсы алу, шығарып салу міндетіміз. Әлемде бір-ақ халық бар! Дастарханы қонақжай. Бұл қазақ халқы! Халқым аман болсын, елім аман болсын! Мәдениет өркендей берсін!»

Халықаралық фестивальдегі «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесі жергілікті Ж. Шанин театрының әртісі Мөлдір Зияеваға табысталды. Жүлдегер «Атжалман Ғасыр» спектаклінде Жұмат Шаниннің жұбайы Жанбикені сомдаған. Тарихи тұлғаның қазақ интеллигенциясы жолындағы күрескерлік кезеңінен сыр шертетін қойылымда, Жанбикенің жанкештілік рөлі ерекше. Өнерпаздың айтуынша Жанбике рөлі оның басына бақ құсы боп қонған. Себебі театр әртісі Жанбике рөлін театр мен қатар кинода да ойнаған. Міне, бүгінде 19 жылдық кәсіби мансабында осы рөлі бойынша алғашқы рет халықаралық марапат иеленіп отыр.

Мөлдір Зияева, Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық театрының әртісі: «Осы Жұмат Шаниннің жан жары Жанбике Шанинаны кинода да сомдаған болатынмын. Енді премьерасы болады, Алла қаласа. Осы Жанбикенің образы маған бір бақ әкеліп жатыр, қатарынан. Киноға да түсіп жатырмын, міне үздік әйел бейнесін алып жатырмын. Бұл менің ойымша Жанбике ханымның маған деген ақ батасы деп білемін. Сахнада жүргеніме 19 жылға жуықтады. Әйелдер образын 2 рет қана сомдаппын. Қалғанының барлығы жас қыздар».

Бұл түркітілдес театрларының 9-шы фестивалінде Қырғыстаннан келген мемлекеттік «Учур» жастар театры қанжығалы болды. Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» спектаклін сахналаған қырғызстандық ұжым «Үздік эпизодтық әйел адам бейнесі» және «Үздік режиссер» жүлделерін қатар жеңді. Айта кетсек, «Учур» театры бұл фестивалдің тұрақты қатысушысы. Бұл ретте ұжым шараға 3-рет қатысып отыр. Нәтижесінде ана рөлі үшін Бақытгүл Асанова, ал керемет режиссура үшін Шамиль Дыйканбаев мараппаталды.

Шаршанбек Шейшенов, «Учур» мемлекеттік жастар театрының директоры: «Ең бірінші кезекте Жұмат Шанин театрының мерейтойымен осындағы ұжымды, жетекшілікті құттықтаймын. Біз бұл фестивальге алғашқы рет 2008 жылы, одан соң 2022 жылы, міне биыл үшінші рет қатысып отырмыз. Бұл фестивалдің берері зор. Біз тыңғылықты дайындалып келсек те, мұндай жүлделерді күтпедік. Жалпы қойылымды Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына орай әзірлеп, сахналаған едік. Бүгінде Шаниннің 95 жылдығында да бұл қойылымды сахналау бұйырған екен».

Шымкентте өткен Орта Азия елдері театрларының кезекті бәйгесінде ілгері жылжу анық байқалды. Бұған дейін халықаралық статуста жүрген шарада тек жақын көршілес Өзбек және Қырғыз елдерінен ғана қатысушылар келіп жүрген. Бұл жолы алыс-жақындағы түркі елдерінің басым көпшілігі жиналып, фестиваль қатысушыларының 80 пайызын шетелдік ұжымдар құрады. Фестиваль жетекшісі шараны ұйымдастыруда тізе біріктірген Мәдениет министрлігі мен қалалық әкімдік үлгілі істің үдесінен шығып, нағыз халықаралық деңгейді көрсете алды, дейді.

Еркін Жуасбек, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры: «Барлық ұйымдастыру және алыс-жақын шетелден келген қонақтардың келісі-кетісі барлығы жоғары деңгейде, ұйымдасқан түрде өтті. Ол негізінен мына Шымкенттіктердің арқасы деуге болады. Биылғы фестивалдің ерекшелігі де сол, біз осы фестивальдегі спектакль көрсетілімімен қатар, шеберлік сабақтарын яғни қазақстандық мамандарға арналған шеберлік сабақтарын ұйымдастырдық. Бұны ең алдымен режиссерлерге арнадық. Режиссура сабағын белгілі режиссер, Ресейдің алтын маска иегері Бутусов өткізді».

Апта бойы қала тұрғындарын мәдениетте тербеп, рухани көңіл-күй сыйлаған театрлар бәйгесіне Шымкент әкімдігі де өз жүлдесін тікті. Бұл марапатқа Әзірбайжан музыкалық театры және қалалық Шанин театры ие болды. Премьералық қойылымды елеп-ескергені үшін әзірбайжандық театр әртісі зор алғысын айтады. Сондай-ақ  бұл жүлде жаңа туындының ендігі аяқ-алысына керемет мотивация болды, дейді.

Шовги Гусейнов, Әзірбайжан мемлекеттік музыкалық театрының әртісі: «30 жылдан бері халықаралық фестивальдерде жүрмін. Бірақ Шымкентте алғашқы рет болып тұрмын. Соған қарамастан бұл жақта бұрыннан тұратын сияқты әсер алам. Біздің қойылымды Шымкенттік көрермендер үлкен зейінмен тамашалады. Тілі ұғымды болмаса да, мұндағы театр сүйер қауымның көрегенділігін аңғардым. Себебі мені түсініп жатқанын қойылым барысында сезіне алдым. Мен мұны жоғары бағалаймын».

Фестивальге тұрақты қатысып келе жатқан түркі әртістері өсімнің жаңашыл, заманауи реңкте болып жатқанын айтады. Дәл сондай бағытта өнер көрсеткен Ғабит Мүсірепов театры «Ұлпан» спектаклімен «Үздік актерлік ансамбль» номинациясының иегері атанды. Тағы да тың тәсілде қойылым ұсынған Самарқан театры жоғарыда айтқандай топ жарған болатын. Бұл жаңашыл үрдіс аталмыш фестивалдің басты ерекшелігі болды.

Мұхтар Римов, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театрының режиссері: «Фестиваль жылдан жылға өсім жасап жатыр. Атап айтсақ, жаңашыл дүние көп болды. Мәселен, Самарқанд театрының қойылымын тамашаладым. Өте керемет, өте тың, жаңаша көзқараста ұсынған. Мен ғана емес оны осындағы төрешілер де көрермендер де жоғары бағалады. Сондықтан осындай фестивальдер біздерге көп жаңа дүние береді. Мұндай шаралар көптеп ұйымдастырылса екен деймін».

Айта кетейік, түркітілдес театрларының кезекті фестивалінің мараппаттау рәсіміне ТҮРКСОЙ ұйымының кеңесшісі арнайы келді. Кемаль бей Гөз осындай түркі өнерпаздарының басын қосып, шараға мұрындық болған М. Әуезов театрын халықаралық ұйымның алғысхаттарымен мараппатады.