Түрмеде колледж оқып, тігіс тігіп жүр

21

Шымкенттегі түзету мекемелері индустриалды аймақтар сынды өнімді өндірісті қолға алған. Атап айтсақ, халық арасында 31-ші колония деп аталатын №54-ші арнайы мекемеде тігін цехы ашылды. Бұл жобаның басты ерекшелігі кәсіпкерлердің осындай шалыс басып, жазасын өтеп жүргендерге өндіріске ақша салу. Бірақ бұл да бекер емес екен, бұның қайтарымына мемлекет өндірілген дайын өнімдерді сатып алады. 

Жазасын тәртіпті өтеп жүрген бұл жас жігіт есірткі тарату ісі бойынша бостандығынан айырылған. Ендігі мына жұмыс ол үшін зор мүмкіндік екен. Оның айтуынша, жұмысты үлгілі жасау арқылы тек мерзімінен бұрын босатылу ғана емес, шығынды өтеуге мүмкіндік туады.

Сотталушы: «Осы мекемеде қазіргі таңда тігін колледжі бар. Осы колледжде тігін мамандығын оқып, дипломды да алдым. Сөйтіп осы жерде жұмыс істеп, істеген жұмысыма қарай ақшамды алып, ақымды алып, үйге жіберіп, өзіме керек заттарды алып жүрмін». 

Тігін өндірісіне «Оңтүстік» РМК «Еңбек» және «Alua grup» ЖШС бірлескен жобасынан 80 тігін машинасы берілді. Осындай түзету мекемелеріндегі өндіріске инвестиция жасайтын кәсіпкерлерге анау айтқандай тиімділік болмаса да, белгілі бір деңгейде пайда бар.

Ерік Садықов, «Оңтүстік» РМК «Еңбек» филиалдарының аймақтық директоры: «Кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырыстарды алып жатыр. Оларда өнімді сату бойынша ешқандай мәселе жоқ». 

Айыпталғандар үшін өндіріс орнында жұмыс жасау таптырмас мүмкіндіктер береді. Олар тек жұмыспен қамтылып қана қоймай, уақытынан ерте бостандыққа шығу игілігіне де ие болады. ҚАЖК департаментінің мәліметінше, жазасын өтеушілердің басым бөлігі жұмысқа орналастырылған.

Ермек Жалғасбаев, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департамент бастығының міндетін атқарушы: «Сотталғандар бұл мекемеде 60 пайызға жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы бізде 85 мың теңге. Сонымен қатар, істелген деген бар. Өзінің істеген жұмысына қарай ақы төленеді». 

Ашылған бұл кәсіпорын үлкен жобаның бір бөлшегі. Бұл арқылы жаңылып, сүрінгендер қайта жаңа өмір бастай алады. Нәтиже де жоқ емес, жоба өз пайдасын беріп жатыр екен.

Рүстем Жақсылық, Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма басшысы: «Биыл жүргізген сараптамаға сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандардан түзету мекемесіне тек 3 адам ғана қайта оралды. Ал 800 — ге жуық адам босатылып еді».

Аталмыш жоба тек тігін кәсіпорнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта жиһаз цехы мен металл өндіретін өндіріс орындарын ашу жоспарда бар.