Әйгілі Ұлпан қойылымы 27 жылдан кейін алғашқы рет халықаралық фестивальде сахналанды. Шымкенттегі түркітілдес театрлар фестивалінде Ғабит Мүсірепов театры Ұлпан спектаклін заманауи форматта қойды. Қойылым режиссері шетелдік маман Гүлназ Балпеисова атақты қойылымды бірқатар тың заманауи элементтермен көмкерген екен.
Әйгілі Ұлпан қойылымы көрермендеріне заманауи реңкте жол тартты. Алғашқы рет халықаралық фестивальде сахналанған спектакль Мәскеудегі Вахтаганов театрының режиссері Гүлназ Балпеисованың режисерлығымен жаңашылдыққа толы болды. Қойылымның мазмұны қаз-қалпында, тек оны бүгінгімен байланыстырып жаңа көзқараста ұсыну көзделген. Осыған орай, спектакльде түрліше заманауи элементтер орын алды. Мәселен, шетелдік рок стиліндегі әуендер орындалып, әртістер жаңашыл би биледі. Кейіпкерлер алмасуда роликпен сырғанады. Бай-бағландардың бейнесі жұмбақ жасыратындай бет-пердемен тұмшаланды. Ең қызығы баяғы нақылдар бүгінгі күнмен байланыстырылып, трендке сай реңкте айтылды.
Труппаның айтуынша бастапқыда топ бұл идеяға қарсылық танытқан екен. Өйткені, сол заманның еншісіндегі дүниені бүгінгімен байланыстыруды қаламадық, дейді олар. Алайда шетелдік маманның жаңашыл көзқарасын түсінген соң, труппа ұйымшылдық танытып, Ұлпанның жаңа форматын 3 айда жасап шыққан. Зерттеуге 1 ай, іске 2 ай кетті дейді, театр әртісі.
Еркін Әбдірешов, Ғ. Мүсірепов театрының әртісі: «Енді тоқталып өтетін болсақ, енді «Ұлпан» деген шығарманы барлығың білесіңдер. Бұл енді елдің бәрі ойлайды мазмұны өзгерді деп, жоқ тура мазмұны. Кішкене басқаша көзқараспен, Гүлназ Балпеисова деген қарындасымыз қазіргі көзқараспен басқаша етіп, солай қойды. Егер повесті оқыған адам болса, өзі ақырын-ақырын танып отырады ненің не екенін. Әлгі тура повестте анықтап жазған дүниені бәрі солай көргісі келеді да, олай емес қой енді қазіргі көзқарас бөлек».
Фестиваль мақсаты түркітілдес театрлардың өзара тәжірбие алмасып, бірге өсуіне негізделген. Осы мүддедегі шетелдік театр өкілдері Ұлпанның заманауи форматтағы жаңа нұсқасын тамашалап, тың дүниелерге қарық болғандарын айтады. Бұл ерекше коллобарация көрермендерді ғана емес, түркітілдес театр өкілдерін де тәнті етті.
Равшан Расулов, Өзбекстандық режиссер: «Бұл фестивальде бір қойылым, бір қойылымнан мықты болды деп айта алмаймын. Барлық қойылым жоғары дәрежеде болды. Бірақ мені ерекше шабыттандырған спектакль Ұлпан болды. Мен бұл спектакльді 3.5 сағатқа жалғасса да зор зейінмен тапжылмастан тамашаладым. Қазақстанда Станиславский жүйесі бойынша түрліше бағытта қойылымдар қойылады. Заманауи әрленген Ұлпан қойылымы ерекше үрдістің бастауы. Бұл формат арқылы көрерменге мән-мағынаны жеңіл жеткізуге болады. Шынымды айтсам, бұл мені тамсандырды».
Айта кетейік, «Ұлпан» қойылымы Ғабит Мүсірепов театрының төлқұжат туындысы. Бірақ бұған дейін халықаралық фестивальдерде сахналанбаған. Бұл жолы Шымкентте өтіп жатқан шарада алғашқы рет халықаралық деңгейге шығарылып отыр.
Еркін Әбдірешов, Ғ. Мүсірепов театрының әртісі: «Енді бұл жерде көп емес, бір 20 шақты актер. 20 шақты актерменен бүкіл повестегі кейіпкерлерді бәрін басынан-аяғына дейін сомдап шығамыз. Соңына дейін көрсеңдер, бәрі белгілі болады. Мен мысалығы негізгі бөлімде Ұлпанның әкесі Амантайды сомдаймын. Ал бұдан кейін де басқа жерлерде би боп кетеміз, бір жерде саудагер боп кетеміз. Солай ары қарай кете береді. Біздің театр Ғабит Мүсірепов атында біріншіден. Екіншіден енді Ғабеңнің осы шығармасы көпке танымал, одан кейін режиссер қыз бала болғаннан кейін осы шығарманы жанына жақын етіп таңдады».
Аталмыш қойылымға жиналғандар қатары көп болды. Тіпті біраз көрермен театрға сыймай кіре алмады.Ал кіргендер 3,5 сағат бойы эмоциялық тебіреніске бөленіп, жаңаша форматтағы «Ұлпанды» тамсана тамашалады.
Гүлназ Балпеисованың бастамасымен бірқатар қазақстандық қойылымдар заманауи реңк алып келеді. Мұндай үрдісті көрермендердің басым көпшілігі оң бағалайды. Соның бірі Айғаным Жарылқасын. Ол премьераны асыға күткен. Айтуынша жаңаша бағыттағы көзқарастың ешқандай артықшылығы жоқ. Қайта көрерменді шабыттандырады, дейді.
Айғаным Жарылқасын, көрермен:
«Маған өте қатты әсер етті. Және мен оны кітаптан оқығам. Содан білемін. Көзбен көрген адамға ерекше әсер береді. Қоғамға пайдасы тигені дұрыс енді, бірақ өз махаббаты үшін құрбан болды».
Сол кезде де бүгінде де өзекті тақырып әйел құқығы. Сондықтан Ұлпандағы жесір дауы, әмеңгерлік, қыз айттыру, тең-теңімен деген өткір мәселелерге жаңаша қойылымда ерекше ден қойылды. Әрбір мәселені жеке көтеріп, оны шешкен я тиым салған Ұлпан үнінен бүгінгі күндегі әйел тақырыбындағы өзекті мәселелерге үндеу жолдағандай әсер қалдырды.
Ғабит Мүсіреповтың қаламынан туған құнды шығарма «Ұлпаннның» бойжеткен кезін Рабина Белгібаева сомдаса, есейген шағын Толқын Нұрбекова алып шықты.
Түркітілдес театрларының бәйгесін алыс-жақын шетелден сараланып 5 халықаралық төреші тағайындалған. Сол төрешілер алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов бүгінгі қазақ театрының деңгейін жақсыға бағалайды. Айтуынша кезінде кереметтей дәуірлер болған, бұл өтпелі кезең. Келешекке үміт мол, дейді.
Асанәлі Әшімов, Қазақстан және КСРО халық әртісі «Енді деңгей орташадан жоғары ғой. Жақсы спектакльдер бар, нашар қойылымдар да бар. Енді бір сондай бір өтпелі заман. Бұрын көптеген жақсы спектакльдер болған. Енді ол үшін ұжым дұрыс болу керек, режиссер жақсы болу керек. Соның бәрі кішкене қазір аздау болып жатыр. Бірақ енді келешекте жақсы болады деген үміттеміз ғой».
Қазақ әдебиетінің інжу-маржаны Ұлпан шығармасы қазақ халқының өз заманындағы ділі мен дәстүрінен хабар береді. Және сол салт-сананың дәуірге байланысты өзгергенін көрсетеді. Сондай-ақ бұл шығармада тәуелсіз қазақ әйелінің үлгілі болмысын тарқатады. Қазақта әйел заты дара болмыс екендігі анық әрі айқын бейнеленеді.