Елімізде алдағы уақытта бензин бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Сөзінше, мұнай өнімдеріне тапшылық болуы ықтимал.
Елде мұнай өнімдеріне тапшылық болуы мүмкін.Үкімет сағатында Қазақстандағы жанар-жағармай тапшылығы қаупі туралы айтылды. ҚР Энергетика министрі тапшылықты жабу және энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін модернизация жүргізіліп жатқанын айтты. Алайда, оны жүзеге асыру үшін де қаржы керек.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі: «Тапшылық, иә, мұнай өнімдері бойынша болжанады. Тапшылықты жабу және энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары атқарылып жатыр. Модернизацияны жүзеге асыру үшін салаға қаражат құю қажет».
Министр жанармайдың соңғы құны ішкі нарықтағы мұнай бағасының қалыптасуына байланысты екенін жеткізді.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі: «Қазір ішкі нарықтағы мұнай бағасы көршілес елдермен салыстырғанда ең төмен, мұнай өнімдерінің бағасы да төмен деп айта аламыз. Ал егер нарық ашылса, біздің өнімдеріміз тарап кетеді. Салдарынан жанар-жағармай бағасы күрт өсуі ықтимал».
Шымкент тұрғыны Бахтияр Атамұратов жанармай бағасы қазір де арзан емес екенін айтып, егер мұнан ары қымбаттаса, жүргізушілердің қалтасына әжептеуір салмақ түсіретінін айтады.
Бахтияр Атамұратов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Дефицит байқалмайды қазір бензиндер бар. Бірақ министрлер айтып жатыр бензин қымбаттайды деп. Ары қарай қайда қымбаттайды?! Онсыз да бәрі қымбат қой, айлықтар аз. Қазір баға жақсы, бірақ бұдан артық қайда қымбаттайды?»
Қаладағы көлік иелері мен жүргізушілер кейбір жанармай бекеттернде тапшылықтың және кезектің барын жасырмайды. Алайда, бәрі бірдей бағаның қазіргіден қымбаттауына қарсы екенін айтады.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, жыл басынан бері мұнай өңдеу көлемі 15,1 млн тоннаға жеткен. Ал 2024 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 17,9 млн тоннаға жеткуізу жоспарланған.