Түркістанда тағы бір жайлы мектеп пайдалануға берілді. Сыйымдылығы 2 мың орындық болатын жайлы мектеп қалада осымен екінші рет есігін айқара ашты. Ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, Жаңа қала ықшам ауданының тұрғындарын келе жатқан жаңа жылмен және жаңа мектептің ашылуымен қатар құттықтады. Мұнымен тоқтап қалмай, жыл соңына дейін әлі бірнеше мектепті тағы ашамыз деді өңір басшысы.
Қазақстанда әрбір 6-оқушы түркістандық екен. Сондықтан өңірде мектептерде орын тапшылығы қатты сезіледі. Күн тәртібінен түспеген мәселе бүгінде қолға алынып, облыста 50 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Түркістандағы «Жаңа қала» ықшам ауданында кезекті мектеп бой көтеріп, сән-салтанатпен ашылды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында пайдалануға берілген білім ұясы бір ауысымда 2000 мың оқушыны сыйғызады. Төрт қабатты білім беру ғимаратының ерекшелігі бастауыш және жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда, бір-біріне ешбір қатынаспай білім алады. Және балалардың жас ерекшелігіне қарай әрбір блокта ыңғайлы жағдай жасалған.
Атап айтсақ, бөлімдердің әрқайсысында арнаулы спорт залдары, оқу сыныптары сондай-ақ жеке шкафтары бар. Осындай заманауи жайлы мектептің ашылуына аймақ басшысы Дархан Сатыбалды қатысып, шағынаудан тұрғындарын келе жатқан мерекемен бірге қос мереке деп құттықтады.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мектепті материалдық техникалық базамен қамтамасыз еттік. Барлығы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды. Бұрын тек Астана мен Алматыда көретін болсақ бұндай мектепті қазір тек Түркістанның қаласында ғана емес, ауылдарында да жайлы мектептер соғылып жатыр».
Есігін айқара ашқан су жаңа білім ғимараты Түркістан қаласындағы 2 мектептегі жүктемені азайтатын болады. Жақын маңдағы білім ордаларынан аталмыш мектепке 600 оқушы мен 50 мұғалім ауысып жатыр. 3-тоқсаннан бастап оқу мекемесі жұмысқа кіріседі. Оқушылардың қауіпсіздігіне аса ден қойып, соғылған білім беру мекемесінде алдағы уақытта соңғы үлгідегі мектепке арналған қауіпсіздік технологиясын енгізу жоспарда бар екен.
Перизат Бекеева, мектептің директоры: «2 блокта жоғары сыныптарға бөлек, бастауышқа бөлек асхана бар. Мектеп алды даярлық пен бастауыш, орта буын бір-бірімен араласпайды. Бұл қауіпсіздікке, буллингтің ұйымдаспауына немесе баланың бір-біріне әлімжеттік жасамауына үлкен көмегін тигізеді. Себебі балалар бір-бірінің блогына өтпейді».
Пайдалануға берілген жайлы мектеп материалдық базамен толықтай қамтылған дейді өңір басшысы. Жаратылыстану бағытындағы кабинеттер заманауи құралдармен жабдықталып, балалардың өсіп жетілуі үшін зертханалар мен демалыс аймақтары да бар екен. Ерекше атап өтетіні, арнайы робототехника кабинеті де қарастырылыпты. Сондай-ақ білім ордасын жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне жалғаған.
Жанат Бақытқызы, ата-ана: «Мен жақсылап шолып шықтым. Байқағаным, әрбір бөлігіне дейін балаларға расыменде ойластырылып, сабақ оқуына ол оқуды жақсы тоқуына өте тамаша қарастырылған екен».
Осы уақытқа дейін өңірде 3 жайлы мектеп ашылған еді. Жыл соңына дейін жоба аясында әлі бірқатар жайлы мектептер ашылатын болады. «Жайлы мектеп» жобасындағы мектептер ауыл ма, қала ма қай жерге соғылса да бір типті болып, бірдей жабдықталады.