22 отбасының ескі үйінің орнына тегін жаңа баспана берілді

23
фото ШӨКҚ

Реновация бағдарламасы аясында 22 отбасы жаңа баспанаға көшті. Тұрғындарға «Шымкент сити» шағынауданынан жаңа әрлеудегі үй берілді. Т. Әлімқұлов 34 мекенжайында орналасқан бір тұрғын үй бұзылатын нысандар тізіміне енгізілген. Ал шамамен бір ғасыр бұрын салынған апатты баспана тұрғындары жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері тең пәтерлер алды. Қуаныштысы, жаңа үйге көшкендер бұл үшін қосымша төлем жасамайды.

Т. Әлімқұлов 34 мекенжайында орналасқан бұл үй өткен ғасырдың басында салынған. Әбден тозығы жеткен ғимарат 90 жылдары бір рет қана жөндеуден өткен дейді мұндағы тұрғындар. Биыл бұл үй бұзылатын нысандар тізіміне енгізілді. Өйткені нысан заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Каюмовтар отбасы бұл ескі үйде 25 жылдан бері тұрады. Өткен ғасырда салынған тұрғын үйдің қабырғалары қираған, шатырынан су өтеді, электр сымдары қауіпті жағдайда тұр.

Жаңыл Қосақова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жаңбыр жауған кезде бізде су сорғалап тұратын. Бөлменің ішінде болмаса да, коридорда қатты сорғалап тұратын. Сол кезде біз қорқатынбыз, қашан құлап қалады деп. Өте жаман жағдайда тұрғаннан кейін көңіл-күйіміз де болмай жүретін, енді жаңа үй аласың дегеннен кейін барлығымыз қуандық».

Енді тек Каюмовтар жанұясы ғана емес, бұл тұрғын үйде тұратын 22 отбасы да жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алады. Оларға реновация бағдарламасы аясында «Шымкент сити» шағынауданынан жаңа әрлеудегі пәтер берілді. Апатты үйдің тұрғындары жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері тең пәтерлер алды. Қоныстанушылардың қуанышында шек жоқ!

Тілепбай Каюмов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұрынғы үйіміз 25 шаршы метр еді, қазір 74 кв метр есебі. Міне, үй алып отырмыз. Жағдайы өте жақсы, бәрі көңілден шығып тұр. Рахмет!»

Бұл жоба инвестордың есебінен толығымен қаржыландырады. Жаңа пәтерлер алдыңғы баспаналарынан орташа есеппен 20 шаршы метрге кең, ал тұрғындар бұл үшін қосымша төлем жасамайды.

Данияр Ахметжанов, «Shymkent» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы: «Ең басты мәселе – тұрғындардың қауіпсіздігі, екінші – санитарлық норма, үшіншіден ол жерге инвесторлар келе бермейді. Қала басшысы айтып өткендей, қалада 51 мың кезекте тұрған адам бар, ал бұл кісілер кезекке де кіре алмайды. Бірақ бұл кісілердің жағдайын ескеріп, заңды тетіктерін тауып, мәселені шешу керек деген тапсырмасы бар. Біз бүгін шешіп отырмыз. Құрылыс компанияларын Шымкенттегі реновация бағдарламасына қатысуға шақырамыз. Барлық үй осындай емес, қызығушылық танытатын да үйлер бар».

Мегаполистегі 2000-нан астам көпқабатты үйдің 70%-дан астамы 50 жылдан асқан. Қазіргі таңда 134 апатты жағдайдағы үй тіркелген. Мұндай үйлер тұрғындардың өміріне, сондай-ақ қоршаған инфрақұрылымға қауіп төндіреді.

Ал реновация бағдарламасы халықты сапалы баспанамен қамтамасыз етіп қана қоймай, қаланың заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыруға және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.