Ата-аналар жиналысына қатысасыз ба?

24
фото ekonomstrojdom.ru

«Ата-аналардың жиналысқа қатысу деңгейі төмен». Қала тұрғыны арнамыздың әлеуметтік желідегі парақшасына осындай пікір қалдырды. Ата-аналар жиналысы – мектеп пен ата-ананы байланыстыратын маңызды құрал. Сондықтан тақырыпты зерделеп көрдік. 

«Ата-аналар жиналысына жұмыс деп бірде-бір ата-ана бармайды. Баяғыда жиналысқа бар деп, жұмыстан жіберуші еді. Қазір мектепте баланың қалай жүргенімен ата-ананың шаруасы жоқ».

Арнамыздың әлеуметтік желідегі парақшасына осындай пікір келді. Қала тұрғынының сөзінше бүгінде «ата-аналардың жиналысқа қатысу деңгейі төмен». Себебі оларға жиналысқа келу үшін, жұмыстан сұранудың сәті түсе бермейді. Бірінде кесте тығыз болса, енді біріне уақыт жетпейді дегендей. Тіпті ел арасында «кез-келген мекеме жиналысқа баратын ата-ананы жұмыстан еш кедергісіз босатуға міндетті» деген уәж де бар. Ал бұл мәселеге заң не дейді? Расымен жұмыс беруші сізді сұранған сәтте ата—аналар жиналысына жібере қоюға міндетті ме?

Әлжан Мамадалиев, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы: «ҚР Еңбек кодексінде берілетін демалыстардың түрлері белгіленген. Оның ішінде нақты жұмыскерлердің ата-аналар жиналысына баруы туралы қарастырылмаған. Бұл тек бүгінгі таңдағы заңнамаға сәйкес тараптардың келісімі негізінде жүзеге асырылады»

Ал қала тұрғындары, оның ішінде ата-аналар баланың мектептегі өміріне қаншалықты қызығушылық танытады? Олар білім ордасындағы жиналыстарға қатыса ма, өздерінен сұрап көрдік.

«Қатыса алмаймын. Себебі жұмыстамын. Көбіне 4-5-те шақырады. Ал, жұмыс 6-да аяқталады. Сосын бара алмаймын»
«Жұмыс болып жатса, жұмыстан шыға алмасақ, чатқа жазып жібереміз. Біздің пікіріміз осындай деп»
 «Барамын. 5 балам бар. Бесеуіне де барамын, барынша уақытын тауып»

Көріп тұрғандарыңыздай кей ата-ана түрлі себеппен жиналысқа қатыса алмайды. Ал педагогтердің сөзінше ата-аналардың 80 пайызы жиналысқа қатысады. Ал қалған 20 пайызы түрлі себеппен жиынға келе алмайтын көрінеді.

Нұржамал Жүнісбекқызы, мұғалім:
«Келе алмайтын себептер түрлі болуы мүмкін. Бірінші бала күтімімен үйде отырған ата-аналар, немесе әкесі басқа жақта жұмыс жасауы мүмкін. Кейбіреуінің жұмысы өте кеш аяқталуы мүмкін. Ата-аналардың жұмысына да қараймыз. Бізде жиналыс 6-ға жоспарланса олар кешірек келуі мүмкін»

Білім басқармасының мамандары ата-аналардың жиналысқа қатысуы әр мектепте әр түрлі дейді. Кей мектепте ата-аналар белсенді болса, енді бір білім ордаларындағы ата-аналар баланың мектептегі өміріне араласа бермейтін көрінеді. Ал сіз ше? Балаңыздың мүддесі үшін өтетін мектептегі ата—аналар жиналысына соңғы рет қашан бардыңыз?