Әуежайда қандай сөздерді айтуға болмайды?

48

Соңғы кездері әуежайда айтуға тыйым салынғанына қарамастан жолаушылар кей көздерді жиі қайталайтын болған. Осылай деген қаланың көлік полицейлері жыл басынан бері Шымкент аэропортында бомба деген сөзді айтқаны үшін 4 адамның сотталғанын айтады. Әуежайда қандай сөздерді айтуға болмайды? Егер аңдамай сөйлеп қалсаңыз, қандай жаза арқалауыңыз мүмкін? 

Әуежайда айтуға болмайтын сөздер бар. Ол терракт, терроризм, бомба және қару-жарақ түрлерінің атауы. Қауіпсіздік мақсатында енгізілген бұл ережені Шымкентте елемейтіндер көбейіпті. Биылдың өзінде бомба деп айтқаны үшін 4 жолаушы жауапқа тартылып, ісі сотқа жеткен.

Алтай Орманов, Шымкент станциясындағы желілік полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары: «Қазіргі таңда әуежайдағы жолаушылар тіркеу орындарында жолаушылар тарапынан жағымсыз заттар немесе атыс қаруының болуы туралы жалған мәлімметтер айту жиілеп кеткен. Аталған ақпаратты қалжың түрінде де айтуға жол берілмейтінін ескертеміз».

«Сөмкеңде не бар?» деген әуежай қызметкерлерінің сұрағына қару түрін айтып қалжыңдайтындар аз емес дейді құзырлы орган өкілдері. Тексеріс нәтижесінде айтылған заттың табылмауы жолаушы әрекетін ақтамайды.

Әуежайдағы бұл заңнан халықтың басым бөлігі бейхабар екен. Бірі айыппұл көлемін тым көп десе, бірі заңның қатал болғаны да дұрыс дейді.

«Негізі көп, әрине. 17 млн бір сөз үшін. Адам өлтіргенде, басқаға ондай штраф болмаған кезде. Жәй сөзге бола немесе жол тәртібін бұзғанға 17 млн штраф өте көп деп ойлаймын негізі».

«Бұның бәрі халықтың қамы ғой. Қазір әуежайда анау-мынау қиын жағдайлар болмасын, апат болмасын деген мәселеде айтылып жатқан шығар. Майда-шүйде штрафқа халық қазір мән бермейтін болды ғой. Шамалы үлкейтіп, қорқытып, қыспаса»

«Дұрыс емес сияқты ғой. Штраф көп. Бас бостандығынан айырылатын жыл көп»

Айта кетейік, әуежайда тыйым салынған сөздерді айтқаны үшін берілетін жаза жеңіл емес. 17 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалап немесе 5 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Назерке Үкібасова