Биыл үшінші мегаполисте субсидияланатын жұмыс орны бойынша 7 453 адамға жұмыспен қамту шаралары ұсынылып, нәтижесінде 7 019 адам қамтылған. 2024 жылы Шымкентте 14 846 адамды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру жоспарланған. Жоспар 98%-ға орындалды дейді мамандар. Алайда екі қолға бір күрек тапқанына қарамастан жұмыс орнында болмаған 2700-ге жуық азамат жұмысымен қош айтысып та үлгерген.
Шымкентте тұрғындарды жұмыспен қамтумен айналысатын басқарма 2700-ге жуық адамның жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, субсидияланатын жұмыс орны бағдарламасы бойынша 7019 адам жолданған. Оның ішінде 2647 адам жұмыс орнында болмауына байланысты жұмыстан шығарылыпты.
Бағдат Архабаев, Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры: «2647 адам жұмыс орнында болмауына байланысты биыл жұмыстан шығарылса, оған қосымша ақпараттық жүйеде мониторинг жүргізілді. Мысалы, әлеуметтік кодекске сәйкес осы бағдарламаға қатысып отырған азаматтар басқа жұмыс орнында істемеуі тиіс. Олар жұмыссыз ретінде тіркеліп тұрғаннан кейін кәсіпкер ретінде тіркеле алмайды және басқа орында жұмыс істемейді».
Ал олардың жұмысқа келуін қадағаламаған жұмыс берушілердің де біразын орталық сотқа берген көрінеді. Бүгінгі таңда мұндай олқылықтарды қайта болдырмау үшін министрлікке ұсыныс жіберіліп, арнайы қосымша әзірленіп жатыр дейді жауаптылар.
Бағдат Архабаев, Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры: «Бұл бойынша біз министрлікке ұсыныс айттық, қазір олар телефонға арналған қосымша дайындап жатыр. Атауы әлі белгісіз, себебі енді дайындап жатыр. Ол жерде осы субсидияға қатысатын азамат жұмыс орнына келген кезде геолокациясын қосып, өзінің жұмыста екенін растайды. Және кешке жұмыстан шығатын кезде, 8 сағат жұмыс уақыты өткеннен кейін растап, белгілейді».
Айта кетейік, 2025 жылы жұмыспен қамту мақсатында ұсынылатын бағдарламалар қатарында «Ұрпақтар келісім шарты» мен «Алғашқы жұмыс орны» болмайды. Ал екі қолға бір күрек іздегендер арасынан жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі.