Шымкенттік лауазымды тұлғалар мен «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің өкілдері бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырған. Олар жобаның сметалық құнын арттырып, қаладағы жылу мен электр беру желілерін жөндеуге бөлінген мемлекет қаржысына қол салған. Сот үкімімен барлық жеті айыпталушы 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Камилхан Исмаилов, Шымкент қаласы бойынша ЭТД-нің өкілі: «Сонымен қатар, күдіктілер лауазымды адамдар ұрланған қаражатты жылыстату үшін «қолма-қол ақша жасаушылар» тобын тартты. Олар 7% мөлшерінде ақшалай сыйақы үшін бөгде тұлғаларға ресімделген 24 күмәнді кәсіпорын арқылы тауарларды жеткізу және қызмет көрсету жөніндегі мәмілелер туралы жалған құжаттар (шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыс актілері, шарттар) ұсынды»
Нәтижесінде бюджеттен жымқырылған 358 млн теңгеден астам қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүлік мемлекетке қайтарылды. Атап айтқанда, Шымкент және Астана қалаларындағы 2 пәтер мен 1 тұрақ орны, үшінші мегаполистегі 3 жеке үй және банк шоттарындағы тыйым салынған 50 миллион теңге тәркіленді.