Балалардың мүгедектік мерзімін ұзарту үшін пара алғандарға үкім жарияланды

30
© Sputnik / Болат Шайхинов
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Б. және И.-ға қатысты қылмыстық іс аяқталды.
 
Сотталушы Б. ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра бірнеше рет пара алу) айыпталған.
Сотталушы И. ҚК-нің 368-бабының 2-бөлігімен (парақорлыққа бірнеше рет делдал болу, яғни пара берушiге және пара алушыға олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге және оны iске асыруға ықпал ету) айыпталған.
 
Б. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің №1 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарып жүріп, бірнеше рет балдардың мүгедектік мерзімін ұзарту бойынша жалпы 500 000 теңге пара алған.
Сонымен қатар, И. Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының № 12 емханасының медбикесі бола тұра, 500 000 теңге парақорлыққа делдал болған.
Сотталушылардың кінәсі өздерінің, куәлардың жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттерімен, заттай дәлелдемелермен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді.
 
Прокурор сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушылар жасаған кінәларын мойындап, істеген іс-әрекеттеріне шынайы өкініш білдіріп, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
 
Сот, Б.-ға жаза тағайындауда қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде асырауында жасөспірім балаларының болуын, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін, ал ауырлататын мән-жайлардың анықталмағанын ескерді.
И.-ға жаза тағайындауда қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін, ал ауырлататын мән-жайлардың анықталмағанын ескерді. Сот, Б.-ны ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танып, 23 333 333 теңге көлемінде айыппұл жазасын тағайындады.
И.-ға ҚК-нің 368-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, 10 000 000 теңге көлемінде айыппұл жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.