Доллардың күрт қымбаттауы жылжымайтын мүлік нарығында айтарлықтай дүрбелең туғызды. Қосымша құн салығы жеңілдіктерінің алынып тасталуынан қауіптеніп, тұрғын үй сатып алуға асыққан азаматтар саны артты. Сарапшылар мұндай жағдайда пәтер бағасы айтарлықтай өсуі мүмкін деп отыр.
Қазақстандықтар жаппай пәтер сатып ала бастады. Сарапшылар доллар бағамының көтерілуі нарықты жандандырды деп отыр. Шымкенттіктер баспананы көбіне ыңғайлы жерде орналасқан, бағасы қолайлы жаңа тұрғын үй кешендерінен таңдап жатқан көрінеді. Сатып алушылардың басым бөлігі жылжымайтын мүлікті ипотекаға алып жатыр екен.
Назерке Әбутәліпова, жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры: «Соңғы 1 аптаның көлемінде пәтерді арендаға немесе сатып алуға сұраныс жоғары. Пәтер сату жағы да қалыспайды. Жыл соңына дейін ипотекаға үй алып қалуға асығып жатқандар көп»
Халық жаппай пәтер сатып алып жатқандықтан, кей құрылыс компаниялары бағаны 5-10%-ға дейін көтеріп үлгерді дейді сарапшылар. Сөздерінше, жұртшылықтың дүрлігуі құрылысшылар үшін қосымша құн салығына арналған жеңілдіктің алынып тасталу ықтималдылығымен байланысты болуы мүмкін. Егер бұл жағдай орын алса, келер жылдан бастап баспана бағасы айтарлықтай қымбаттамақ.
Лев Тетин, халықаралық жылжымайтын мүлік сарапшысы: «Құн салығының мөлшері 22% болатынын ескерейік. Бұл ақпараттық толқын тудырып, халықты жаппай баспана алуға итермеледі. Тіпті таңғы сағат 6-да пәтер сатып алу үшін кезекке тұрғандар да бар көрінеді. Мұндай ажиотажды бұрын соңды көрген емеспіз»
Дегенмен, Қосымша Құн Салығы енгізілмесе де, келесі жылы жылжымайтын мүлік бағасы өсуі бек мүмкін.
Александр Пак, жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы: «Жаңа тұрғын үй бағасының арзандауы мүмкін емес, олар қымбаттайды. Өйткені бағаның 70%-ы зауытқа тәуелді. Жаңа үйлер қымбаттаған соң, екінші нарықтағы пәтерлердің де бағасы көтеріледі. Бірақ әдетте, олар 2-3 ай бағаны ұстап тұрады да, кейін аздап төмендетеді. Баға өсімі болады, бірақ ол күрт көтерілмейді»
Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшылары Қосымша Құн Салығын енгізу бастамасы кейінге қалдырылуы мүмкін деп болжап отыр. Себебі бұл өзгеріс орын алған жағдайда баспаналы болу қарапайым халық үшін одан да қолжетімсіз бола түспек.