Еліміздің мектептерінде буллингке қарсы екі бағдарлама енгізілді. Оның бірі тәжірибеден өткен шетелдік бағдарлама болса, екіншісін отандық ғалымдар әзірлеген. Финляндияның «KiVa» бағдарламасы республикадағы проблемалық мектептерде жүріп жатқан көрінеді.
Шымкенттегі 69 мектеп проблемалық мектептер қатарында. Бұл білім ордасында соңғы жылдары суицид пен кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық жиі тіркелген. Сондықтан бұл білім беру мекемесіне шетелдің буллингке қарсы бағдарламасы енгізіліпті. Айтпақшы, проблемалық білім ордаларының қатарында 125 мектеп те бар.
Гүлнара Дәрібаева, Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары:
««KiVa» бағдарламасын орнатуға оқу-ағарту министрлігі 2 мектепті анықтап беріңіздер деп сұрады. Біз өзіміз 69 және 125 мектепті бердік. Өйткені бұл мектептерде соңғы жылдары көптеген кәмелет жасына толмаған балалар арасында құқықбұзушылықтың өсуі және суицидке бейім жағдайлар кездесті. Сондықтан, осы мектепті таңдап бердік»
Білім басқармасындағылар айтып отырған «KiVa» бағдарламасы елдегі проблемалық мектерге енгізілген. Сонымен қатар, оқу жылының басынан бері білім ордаларында отандық ғалымдар әзірлеген антибуллинг бағдарламасы да жүріп жатыр. Бұл жобалар негізінде енді оқушылар арасында әлімжеттік болған жағдайда жауапқа бала емес, ата-ана тартылады. Мұндай ереже тіпті заңда да көрсетілген.
Венера Нұрғалиқызы, заңгер: «Егер ата-ана баланың өміріне ешқандай қатыспаса, баланың тәрбиесіне мән бермесе, мектептегі тәрбиесіне мән бермей, мектепте бала буллинг, әлімжеттік жасаса басқа балаларға оның жауапкершілігін ата-ана тартады. Бірақ бала да сол жерде психологтармен жұмыс жасауға міндетті. ӘҚбК 127 бабына сәйкес 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал осы жағдай қайталанған жағдайда 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады және 5 тәулікке дейін қамаққа алынуға жатады»
Айта кету керек, биылғы оқу жылында алғаш рет еліміздегі мектептерде психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Онда қиын жағдайға түскен ата-ана мен оқушыларға көмек көрсетіледі. Бүгінде Шымкенттегі қолдау орталығында 20 шақты балаға көмек көрсетіліп үлгеріпті. Ал, енгізілген бағдарламалардың қандай нәтиже бергені оқу жылының соңында ғана белгілі болмақ.