Елімізде доллар бағамы күрт өсіп, халық арасында дүрбелең туғызды. Шымкенттегі ақша айырбастау пункттерінде доллар 530-535 теңгеден саудаланып жатыр. Сарапшылар теңгенің әлсіреуін Ресей рублінің құнсыздануымен байланыстырады. Бірақ азаматтарға қаражатты депозиттер мен бағалы қағаздар түрінде сақтауды ұсына отырып, валюта айырбастауға асықпауға шақырады.
Қазақстанда доллар бағамы күрт өсті. Шымкентте АҚШ валютасын сатып алу бағасы 520 теңге болса, сату бағасы 530-535 тг құрап отыр. Сондықтан болар кей қазақстандықтар валюта айырбастауға асықты.
Сарапшылардың айтуынша, теңгенің әлсіреуі Ресей рублінің құнсыздануынан кейін орын алып отыр.
Арман Байғанов, «R-Finance» қаржы кеңесшісі: «Ұлттық қорда 600 миллиардқа жуық қауіпсіздік жастығы және алтын-валюта резерві бар. Солардың арқасында жағдай тұрақты болады»
Бұл ретте сарапшылар қазір валюта айырбастауды ұсынбайды. Экономистердің айтуынша, ақшаны депозиттерде сақтау немесе бағалы қағаздарға салу тиімдірек.
Арман Байғанов, «R-Finance» қаржы кеңесшісі: «Тарихи тұрғыдан алғанда, әр 10 жыл сайын теңге айтарлықтай құнсызданады. Теңгені депозиттерде сақтаған тиімдірек. Себебі осылайша ол ұлттық валютаның әлсіреуін жабады. Көп ақша таба алмайсыз, дегенмен девальвациялық процестерден сақтанасыз. Басқа қаржы құралдары, облигациялар бар, әрине тәуекелдер жоғары»
Қазақстан Ұлттық Банкі теңгенің долларға шаққандағы әлсіреуі аясында тағы 900 миллион долларды сатуға ниетті екендігін хабарлады. Сондай-ақ, қараша айында республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан валюта сату 1,2 миллион доллардан асатынын да мәлімдеді. Еліміздің қаржыгерлер қауымдастығында желтоқсан айындағы доллар бағамы туралы пікір айтылды. Олардың болжамы бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қажет.
Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы: «Желтоқсан айында Ұлттық банк тек 800-900 миллион доллар сатпақшы. Бұл валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша шараларды талап етуі мүмкін (интервенциялар, экспорттық кірісті міндетті сату үлесін ұлғайту, базалық мөлшерлемені кезектен тыс арттыру)»
Сарапшылар желтоқсан айында валюта жыл соңындағы дәстүрлі жоғары доллар сұранысына байланысты өсе беретінін ескертеді. Алайда, болашақ перспективалар белгісіз болып қала бермек. Көбінесе теңге бағамына Ресей рублінің динамикасы әсер етеді.