Халықтық емдеу әдістерін пайдаланамын деп ажал құша жаздады

22
фото Отырар.кз

Шымкент тұрғыны халықтық емдеу әдістерін пайдаланамын деп, өлім аузынан қалды. Ол қан қысымын төмендету үшін, әлеуметтік желіден көрген сұйықтықты ішкен. 

Шымкентте 53 жастағы әйел тик-токтан көрген емді қолданамын деп, ажал құша жаздады. Ол қан қысымын төмендету үшін интернеттегі кеңестерге сүйеніп, алма сірке суы, куркума және зімбір қосылған сұйықтықты ішкен. Нәтижесінде, анафилактикалық шокқа түсіп, өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

«Бірінші басым қышыды. Денем қышыды. Алдымен қолдарыма шықты. Ертесіне система салып болған соң, күшейе бастады. Көзіме, аузыма шықты… Денемдегілер шығып болған соң, бетіме шықты ғой. Ол сұйықтық — дайын нарсе. Осы Шымкентте Қазығұрт шағынауданында дайындап шығарады. Шыны бөтелкеде тұрады»

Дәрігерлер науқасқа «Лайелла синдромы» деген диагноз қойған. Бұл ауруға шалдыққандардың аман қалуы екі талай көрінеді. Сондықтан, ақ халаттылар әлеуметтік желідегі ем-домдарды қолданбауға шақырады.

Бақытжан Позилов, №2 қалалық аурухананың бас дәрігері: «Осы аурумен, осындай диагнозбен түскен жағдайда 90 пайыз кісілер қайтыс болып кетеді. Бұл кісі дер кезінде дұрыс, жақсы көмек көрсетілгеннің нәтижесінде аман қалды. Интернет арқылы, әлеуметтік желі, тик ток арқылы соңғы уақытта дипломы жоқ мамандар түрлі ауруларды емдеу бойынша нұсқау береді. Қандай дәрі ішу керектігін айтады. Содан зардап шегіп жатқан науқастар өте көп. Дәрігер ретінде айтарым мұндайға сенбеу керек»

Бүгінде әйелдің жағдайы тұрақты, палатаға шығарылған. Дегенмен, әлде де тиісті ем-домдарды қабылдауы керек дейді дәрігерлер.