«Кәсіпкерлерге жағдай жасасақ, олар бағаламайды» — Бизнес-омбудсмен

25

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келді. Ол Шымкент, Тараз және Түркістан облысының кәсіпкерлерімен кездесіп, проблемаларын тыңдады. Омбудсмен бизнес иелері мен құқық қорғау органдары арасындағы тиісті байланыстың маңызды екенін атап өтті. 

Кәсіпкерлер жосықсыз бәсекелестік фактілерімен күресуге мәжбүр. Осылай деген шымкенттік бизнес өкілдері сырттан келетін өнімдердің әсерінен отандық тауар өндірушілер өнімдерінің құнын түсіріп, экспорт көлемін төмендетіп отырғанына шағымданды. Сөздерінше, бұл жағдай әсіресе азық-түлік, текстиль салаларында байқалады.

Талғат Ысқақов, кәсіпкер: «Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты қазақстандық тауар өндірушілер тарапынан гемпинг және жосықсыз бәсекелестік фактілерімен күресуге мәжбүр. Бұл жағдай кондитерлік өнім, азық-түлік, ара балы, текстиль саласында қатты білінеді. Қазіргі таңда елімізде көптеген жеңіл өнеркәсіп тауарлары сырттан келіп отыр. Ал елімізден шығатын экспорт көлемі әлі де төмен деңгейде».

«Егер біз кәсіпкерлерге жағдай жасасақ, олар оны бағаламайды». Жиында мәселе көтерген кәсіпкерлердің алаңдаушылығына Қазақстанның бизнес-омбудсмені осылай деп жауап берді. Айтуынша, кәсіпкерлер мемлекеттен көрсетілетін қолдауға әбден үйреніп алған.

Қанат Нұров, ҚР кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілі: «Егер біз шетелдік импорттық өнімдер тұтынушылар үшін жақсы әрі арзан екенін көріп тұрсақ, біз оған тыйым сала алмаймыз және бұл дұрыс емес. Нарық еркіндігі дегеніміз — бәсекелестікті қорғау, ол қоғамның игілігі үшін құрылған. Егер біз өз кәсіпкерлеріміз үшін керемет жағдай жасап қойсақ, онда олар оны ешқашан бағаламайды. Және өнімдердің сапасы нашар болады. Бүгінгі таңда біздің мемлекеттік қолдау шараларымыз кәсіпкерлер арасында тәуелді көңіл-күй қалыптастырды деген мәселе де бар. Олар үнемі мемлекеттен көмек күтеді».

Үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келген Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл үш өңірдің бизнес қауымдастығымен кездесті. Шымкент, Тараз, Түркістан облысы бизнес иелерінің мәселелерін тыңдап, сауалдарына жауап берді. Жиынға үш аймақтың кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар, құзырлы-бақылау органдарының басшылары да қатысты. Сонымен қатар жиында халықаралық төлем транзакцияларын жүзеге асыру, отандық өнімдерді импорттан қорғау шараларын қолдану мәселелері де қамтылды.