Кәсіпкерлік құқығыңыз тапталып жатса, прокуратураға жүгініңіз 

25

Үшінші мегаполистегі кәсіпкерлікті дамыту мен инвестицияларды тартуға қалалық прокуратура да үлес қосып жүр. Қаладағы қадағалаушы орган Президент тапсырмасынан кейін бұл бағытқа біраз басымдық берген. Нәтижеде сәйкесінше, баршылық. Тәулік бойы осы сала бойынша бұзушылықтармен жұмыс жүргізіп жатқан ведомство кәсіпкерлерді туындаған өзекті мәселелерімен кез келген уақытта жүгінуге шақырады. 

Егер кәсібіңізге заңсыздық жасалынып, құқығыңыз тапталып жатса, прокуратураға жүгініңіз. Шымкент қаласының прокуратурасы Мемлекет басшының тапсырмасы бойынша кәсіпкерлерге заңсыз кедергі келтіретіндермен күресуді мықтап қолға алған екен. Тіпті негізгі бағыттарының бірі еткендерін айтады.

Мәселен, прокуратура биылдың өзінде 2 мыңнан астам шымкенттік кәсіпкерлердің құқығын қорғап, олардың хақысына кіргендер жауапқа тартылыпты. Одан бөлек маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, оның жүзеге асуына да аса көңіл бөлінетінін мәлімдеді. Нәтижесінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 46 млрд. теңгеден астам жобаларды жүзеге асыратын 27 инвестордың заң аясында мүддесі қорғалып, инвестициялар сақталып қалған екен.

Бақытбек Амалбеков, Шымкент қалалық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры: «Түрік инвесторы жүгініп, жер учаскесінің құжаттарын бірнеше ай бойы ала алмай жүрген уәжін айтқан еді. Прокуратурамен тиісті талдау жұмыстары жүргізіліп, қадағалау актісі енгізіліп, түрік инвесторының құқықтары қорғалды. Шағымдар бізде түрлі болады, миграция бойынша, салық бойынша. Көбіне салық туралы болады».

Прокуратура түзеу мекемелеріндегі кәсіпті дамытуды да өзекті санайтынын хабарлайды. Бүгінгі күнде қаладағы абақтыларда сотталғандардың 60 пайызы жұмыспен қамтылыпты. Мұны әрмен қарай жоғары көрсеткішке арттыру тағы көзделіп отыр. Осыған орай, прокуратура құзырлы органдармен кездесулер өткізіп, оңтайлы шешімдер шығаруда екен.

Айталық, инвесторлар өз қаражатын темір торда түзеу жазасын өтеп жүргендерге құю үшін қарымтасына сондағы өндірістің өнімдері мемлекеттік тапсырыс бойынша сатып алынады. Осындай әдісті екі жаққа да тиімді деп тапқан жауаптылар осы бағытта жұмыстарын жоспарлы түрде жалғастырып жатыр.

Самат Қадыров, Шымкент қалалық прокуратурасы үкімдердің орындалу заңдылығын қадағалау басқармасының аға прокуроры: «Иә, түзеу мекемелерінде жұмыстарды көбейту мақсатында арнайы органдармен Еңбек Шымкент, Атамекен кәсіпкерлік палатасымен бірнеше кездесулер өткізілді. Бүгінгі таңда түзеу мекемесінде тігін цехы ашылды. 80 тігін машинасымен қамтылып, 80 сотталған бүгінгі таңда жұмыс атқаруда».

Түзеу мекемелерін толықтай өндіріс орындарына айналдыру үшін ондағы сотталғандардың жұмысқа жарар хәл-ахуалы маңызға ие екені белгілі. Ал оларға жеке қабылдау жүргізгенде, негізгі уәждері медициналық қызметке байланысты болыпты. Денсаулығына мән беруді сұрағандарға барлық мекемелерде тексеріс ұйымдастырылып, арнайы скринингтен 100 пайызға өткізген екен. Және алдағы уақытта бұны күшейтіп, тұрақты тексеріс өткізу үшін әкімдіктің бастамасымен жұмыс тобы құрылып, шара қабылдауды жүргізіп жатқандарын айтады.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган тарапынан медициналық қызмет көрсетуге 280 млн теңге бөлінген. Ол қаражатқа мекемелердің өзіне тиісті құрал-жабдықтар сатып алыныпты.