Шымкентте кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиында жергілікті атқарушы органдардың нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуі жөнінде айтылды. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы орындаудың кейбір мәселелері мен келісу комиссиялары секілді тақырыптар көтерілді.
Жыл басынан бері Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасына сараптамалық қорытынды алу үшін 160 нормативтік құқықтық актілерінің (НҚА) жобасы келіп түскен. Палата оның жартысынан көбіне «Ескертусіз» деген белгісі бар қорытынды беріпті. Тіпті, «Қараусыз» деген белгімен қайтарылғандары да бар көрінеді.
Майя Исаева, Палата директорының орынбасары: «Палата 85 жоба бойынша «Ескертусіз» деген белгісі бар сараптамалық қорытындылар берді. Сонымен қатар, бизнес субъектілерінің мүдделері қамтылмауына байланысты 9 жоба, түрлі басқармалар тарапынан жобалардың қайталануы себебінен – 39 жоба «Қараусыз» деген белгімен қайтарылды. Ал, 24 жоба бойынша «Ескертулерімен» сараптамалық қорытындылар берілді»
Жиында жергілікті атқарушы органдардың нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу кезінде жіберетін қателіктері туралы айтылды. Мониторинг жүргізген Әділет департаментінің мамандары жобаның дұрыс жасалмауы кей басқармаларда заңгердің жоқтығынан болады деді.
Назира Мүслімова, Шымкент қалалық Әділет департаменті НҚА тіркеу бөлімінің басшысы: «Кейбір басқармаларда заңгер жоқ. Немесе заңгер тұрақты отырмайды. Кадр ауысымдылық бар. Әзірлеуші қызметкер жобаны дайындайды. Ол демалысқа немесе бір жерге кетіп қалғанда ол акт қалады. Ары қарай ешкім қадағаламайды. Басқарма басшысына ешқандай жауапкершілік қаралмайды»
Кездесуде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы орындаудың кейбір мәселелері мен келісу комиссиялары секілді тақырыптар да көтерілді. Келісім комиссияларының тиімді жұмысы бизнес үшін мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмысты жалғастыруға мүмкіндік береді деді Майя Исаева.
Майя Исаева, Палата директорының орынбасары: «Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары жыл басынан бері келісу комиссияларының 8 отырысына ғана қатысты. Оның ішінде 5 бизнес субъектісі бойынша қарау қорытындысымен оларды мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізімінен шығару туралы шешім қабылданды, үшеуінен бас тартылды. Бастамашылық жасалған келісу комиссияларының мұндай аз саны тапсырыс берушілердің не бизнес субъектілерінің өтініштерін елемейтінін, не бизнес субъектілерінің әлеуетті өнім берушілердің өтініштері қаралатын келісу комиссияларының олар үшін маңыздылығы туралы хабарсыздығын білдіреді»
Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері Шымкент қаласы әкімінің аппаратына хат жолдап, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу кезінде жол берілетін бұзушылықтар мен кемшіліктерді хабарлайтын болды.