Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Көксай» (Зеленая балка) шағынауданына барып, Ж.Нұрлыбаев көшесінің тұрғындарымен кездесті. Кездесудің мақсаты – азаматтардың өзекті мәселелерін тыңдау және шағынауданды жаңғырту бойынша жоспарлармен бөлісу болды.
Қала әкімінің айтуынша, жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңінде көпқабатты тұрғын үйлерді реновациялау қарастырылған. Бұл бағдарлама аясында қазірдің өзінде 30-дан астам отбасы жаңа баспанаға қол жеткізген. Осылайша, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту бағытында бастапқы қадамдар жасалып жатыр.
Бұдан бөлек, шағынауданда жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешу үшін жүйелі жоспар әзірленіп, олар кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Әкімдік бұл жұмыстарды жоғары қарқынмен жүзеге асыруға мүдделі.
«Біздің басты мақсатымыз – қаланы көркейту, тұрғындар үшін барынша жайлы жағдай жасау және олардың өмір сапасын арттыру», – деді қала басшысы.