Шымкентте демалыс күндері толассыз жауған қар соңы көктайғаққа ұласты. Салдарынан, діттеген жеріне жете алмаған бірнеше тұрғын ауруханадан бір-ақ шықты. Қолайсыз ауа райы қаладағы жол қозғалысына да әсер етті.
Көшеде тайып құлап, дәрігерге жүгінгендердің саны артты. Шымкентте небәрі 3 күннің ішінде көктайғақтан жапа шеккендер саны 200-ден асып кеткен. Тіпті арасында ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, ота жасалғандары да бар. Олардың басым бөлігі егде жастағылар дейді ақ халаттылар.
Эльдар Смағұлов, №1 қалалық ауруханасы жарақат бөлімшесінің меңгерушісі:
«Үш күнде біздің ауруханаға 212 науқас жеткізілген. Оның 10-ы бөлімшеге жатқызылып, ота жасалды. Қалған науқастарға алғашқы көмек көрсетіліп, амбулаторлық емге жөнелтілген. Халықтың көбінің айтуынша қаланың жиналмағандығы, қардың көп жаууы, көктайғақтың көп болғандығы құлауға себеп болған»
Толассыз жауған қар салдарынан қаладағы жол қозғалысының жағдайы да мәз емес. Демалыс күндері мегаполисте 58 көлік апаты тіркелген. Абырой болғанда, қаза тапқандар жоқ.
Тоқтарбек Әшірбаев, ППП командирінің қызмет жөніндегі орынбасары:
«Мереке күндері полиция күшейтілген режимде жұмыс жасады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты 58 ЖКО тіркелді. ЖКО нәтижесінде тек материалдық залал келтірілген, зардап шеккендер жоқ. Шымкент қаласының ПД жүргізушілерге қыс ауасында жол ережесін сақтауды ескертеді»
Айта кетсек, желтоқсан айы басталғалы автокөлігінің дөңгелегін қыстық түріне ауыстырмаған 100-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Бұл шамамен 18 500 теңгені құрайды.