Мақтааралдық делегация Қытайдың өндіріс орындарының жұмыс тәсілімен танысып қайтты

23
фото МАӘБҚ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірдегі кәсіпкерлер мен аудан, қала әкімдіктері өкілдерінен делегациялар жасақталып, әлемнің таңдаулы өндіріс орындарының тәжірибесімен танысуда. Осы ретте Мақтаарал ауданының делегациясы Қытай еліне іссапар жасады. Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров бастаған бір топ мақтааралдық Қытай халық республикасының Үрімші және Қуарлы қалаларында болып, бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Қытайдың экономикалық дамуы бойынша халықаралық тәжірибе жинақтап, Мақтаарал ауданында енгізу, өңірде зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру – іссапардың басты мақсаты.
Делегацияның құрамында аудандық мәслихаттың депутаты Тимур Адамбеков, Иіржар ауылдық округінің әкімі Әбдіғаппар Биболов, Еңбекші ауылдық округінің әкімі Берік Агенов және бірнеше кәсіпкерлер бар.
Сапар барысында делегация мүшелері мақта және жүгері оратын комбайндарды құрастыратын зауытта, тауық фермасында, ет, мақта майы, жем, шырын шығаратын цехтарда, тамшылатып суғаруға арналған таспаларды және жылыжайға арналған пленка шығаратын зауыттарда арнайы болып, өндіріс орындарының жұмысымен кеңінен танысты.
Қытайлық бизнес өкілдерімен арнайы кездесіп, аталған кәсіпорындарындағы станоктардың бағасын, орнату мен Қазақстанға жеткізу нарқын білді. Сондай-ақ аталған өңірлердегі ағын су және ирригациялық жүйелердің құрылысымен танысты.
Іссапардағы кездесулерде мақтааралдық кәсіпкерлер түрлі бағытта құрылысқа қажетті заттар шығаратын станоктарды Мақтааралға алып келіп, шағын цехтар ашу мәселесін талқылады. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.