Мемлекеттік қызметтегі жаңа толқын: Шенеуніктердің жүгі жеңілдейтін болды

25

Мемлекеттік қызметте жаңа кезең басталмақ. Енді шенеуніктердің жүгі біршама жеңілдейді. Себебі олардың бірқатар жұмысын жасанды интеллект орындамақ. Ақылды жүйенің мүмкіндіктері үкімет отырысында кеңінен талқыланды. 

Елдегі шенеуніктердің жұмысы жеңілдейтін болды. Енді олар құжат толтырып, тапсырма беріп отырмайды. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды жасанды интеллект орындамақ. Ақылды жүйе бүгін үкімет отырысының хаттамасын шығарып берді. Сол сәтте премьер-министр қалжыңдап болса да, мұндай жүйенің ықтимал қауіптерін атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: «Олай болса, бәріміз жұмыссыз қалатын болдық қой. Хаттаманы өзі дайындайды, тапсырманы өзі береді. Біз не істейміз?»

Үкімет отырысында жасанды интеллекттің мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Жауаптылар бұл жүйе мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді дейді. Сондай ақ, бұл халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға да бағытталған деді цифрлық даму министрі.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму министрі: «Қазір азаматтар смартфон арқылы бүкіл қызметтерді ала алады. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Қазіргі таңда әлемде жасанды интеллект қарқынды дамып жатыр. Біз оны адамдардың өмір салаларына енгізуіміз қажет»

Жиын барысында бүгінде қолданыста бар цифрлық жүйенің артықшылықтары да сөз болды. Жауаптылар жасанды интеллекттің көмегімен қоқыс үйінділерін анықтап жатқандарын айтты. Тіпті, ақылды технология айқындаған фактілер бойынша тиісті жұмыс атқармаған әкімдік қызметкерлеріне шара да көрілген.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі: «Ағымдағы жылдың өзінде 159 қызметкер жауапқа тартылды. Оның 59-ы қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары. Жалпы айтып кететін бір жайт, осы жасанды интелектті қолданғалы бері заңсыз қоқыс үйінділерінің саны азайды»

Жиын соңында жауапты министрлікке мемлекетітк қызметкерлерді жасанды интеллект құралдарына оқыту жөнінде тапсырма берілді. Ал, ғылым және жоғары білім министрлігі келер жылы ақылды жүйені оқыту бойынша бағдарлама әзірлеуі керек.