Шымкенттегі ескі қорғасын зауытының қалдығын қайта өңдеу жұмыстары күшейеді. Қаламызда биік үйіндіні 2020 жылдан бері қайта өндіріп келе жатқан «Standard Steel kz» кәсіпорнының екінші кезеңі ашылды. Жаңа өндіріс орнының қуаттылығы тәулігіне 500 тонна қалдықты өңдеуге қауқарлы.
Мырыш өндіріп алатын бұл нысан жылына 300 мың тонна қалдықты өңдейді. Мұнымен көлемі 2,5 млн тонна болатын қап-қара қорғасын үйіндісі екі жақтан екі зауыт қатар өңдеген соң, алдағы 6-7 жылда толықтай қайта өңдеп шығарылады деуге болады. Нәтижесінде қоршаған ортаға деген залал айтарлықтай азаюы мүмкін.
Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, ескі қорғасын зауытының айналасында 4-5 шақырым жерлерге дейін топырақта қорғасын бар. Төңіректегі тұрғындарды былай қойғанда, шаһардағы кеңес үкіметінен қалған таудай үйілген қалдық жиынтығы бүкіл қала тұрғындарының денсаулығына біраз кері әсерін тигізеді.
Мәселен, еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар орталығының 2012 жылғы зерттеу нәтижесінде балалардың 34 пайызында, ересектердің 20 пайызында қанының құрамынан қорғасын табылған. Экология министрі бүгінгі қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға септесетін зауыттың ашылуына арнайы келіп, шымкенттіктерді құттықтады.
Ерлан Нысанбаев, Экология және табиғи ресурстар министрі: «Жалпы Қазақстан осындай жаратуға болатын тарихи пайдаға, қалдықтарға бай мемлекет деп айтсақ болады. Сол себептен алдағы уақытта осындай зауыттар жер-жерде ашылатын болу керек. Себебі ескі өндірістік орындардан қалған қалдықтардың әлде де келтіріп жатқан залалы зор».
Мырыш оксидін өндіретін зауыт «Саутс Ойл» компаниясының қаражатынан 13,3 млрд теңгеге салынған. «Standard Steel kz» кәсіпорнының екінші кезеңінде 400 жұмыскер еңбек ететін болады. Бұл бірінші зауытқа қарағанда екі есеге көп. Жаңа зауыт орналасқан орын аталмыш компанияның құрып жатқан жекеменшік индустриялық аймағында орналасқан. Мұнда шағын және орта кәсіпті дамыту үшін кәсіпкерлерге мүмкіндіктер беріледі. Ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Шымкенттегі кәсіпкерлікті дамытуға қолдау болатын осы дүниені ерекше атап өтті.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Standard steel kz» компаниясы тек қана бұл жобаны ғана іске асырып қоймай, бұдан бөлек те шағын және орта кәсіптерге жағдай жасап беріп жатыр».
Қазір балқыту арқылы қалдықтан мырыш оксидін өндіретін жаңа кәсіпорында тәулігіне 250 тонна өнім өндіретін пештің екеуі қойылған. Негізінен зауыттың қуаттылығы 4 пешке дейін жетеді. Келер жылы тағы екі пеш қойылып, зауыт өнімділігін арттырады екен. Сондай-ақ, бұл пештер әмбебап, қалдықтан бөлек басқа да шикізаттар өндіреді. Қалдықтан алынатын мырыш оксиді шетелге экспортталады.
Ақжан Тойбаев, «Standard Steel kz» кәсіпорнының атқарушы директоры: «Бұны екінші кезең деп атаймыз, бірінші кезең бізде байыту фабрикасы. Оны біз 2020 жылы іске қосып қойғанбыз, онда қалдықсыз концентрат өндіреміз. Екінші кезең бұл жерде мырыш оксидін өңдеп аламыз».
«Саутс Ойл» компаниясының иесі Серікжан Сейітжанов жаңадан салынған зауыт республика бойынша жүріп жатқан 10 жобаның алғашқысы екенін айтты.
Серікжан Сейітжанов, «Саутс Ойл» компаниясының президенті: «Мұның қуаттылығы дәл қазір 2 пеш қосылған кезде жылына өнімділігі 500 тонна. Келесі жылы ары қарай үшінші, төртінші пештер және қосылады».
Қалдықты өндіретін жаңа өндіріс ошағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында заманауи технологиямен жабдықталған. Зауыттағы мамандар өндіріс процесі экологиялық тұрақтылықты сақтайды деп отыр.