Өлім мен өмір арасында арпалысып жүрген еңбек адамы

24
ОТЫРАР

Мегаполисте ана мен бала өлімі айтарлықтай төмендеген. Мұны қалалық денсаулық сақтау саласының мамандары мәлімдеді. Өлім-жітім деңгейінің төмендеуі – дәрігерлердің біліміне байланысты дейді 35 жылдық тәжірибесі бар маман. Өлім мен өмір арасында арпалысып жүрген еңбек адамдары туралы не білеміз?

Шымкентте ана мен бала өлімінің деңгейі біршама төмендеді. Мамандар өлім-жітім көрсеткішінің 3 есеге дейін азайғанын айтып отыр. Мұның басты себебі – дәрігерлердің біліктігі мен білімі дейді сала маманы.

Гүлбану Сыздықова, қалалық Перинаталдық орталықтың бас дәрігері:
«Көрсеткіштің төмендеуі — дәрігерлердің, орта буын және кіші буын қызметкерлерінің білімін жетілдіруге байланысты. Себебі қандай да соңғы технология немесе заманауи медициналық құрылғы болса да, дәрігерлердің, медицина қызметкерлердің білімі төмен болса ол ешқандай нәтиже бермейді. Сол үшін заманауи құрылғылармен бірге, дәрігерлердің білімін жетілдіру бойынша көптеген жұмыстар жасалуда. Бұл — соның нәтижесі деп білеміз»

Ана мен бала өмірі үшін күресіп жүрген ақ халаттылардың бірі – Гүлбану Сыздықова. Жұмыс өтілі 35 жылдан асқан маман бүгінде қалалық Перинаталдық орталықтың бас дәрігері. Әріптестері Гүлбану Сыздықованың білгір дәрігер ғана емес, білікті басшы екенін де айтып отыр.

Ақмарал Мақашева, Перинаталдық орталықтың қызметкері:
«Гүлбану Сыздықова — 17 жыл бір мекемеде істеп, сол мекеменің бас дәрігері деңгейіне көтерілген. Сол жылдары 2010-17 жылдары Шымкент қаласы № 2 қалалық перзентханада ана өлімі тіркелмеген. Ол кісінің бойында білімділік, білгірлік, қарапайымдылық, іскерлік бар. Сол қасиеттердің арқасында біз үлкен жетістіктерге жетіп жатырмыз. Биылғы 2024 жылы республика көлемінде  алғашқы бестіктің санатына кіретін “беделді перзентхана” атандық»

Гүлбану Сыздықова басшылық етіп отырған медициналық мекемеде жылына 10 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Перинаталдық орталықта өмірге бала әкелген әйелдер мұндағы білікті дәрігерлерге алғысын айтып отыр.

Гүлсім Ермолдақызы, Шымкент қаласының тұрғыны:
«20 қараша күні қан қысымымен түстім осы перзентханаға. 31 апталық болып. Бірінші Алла, екінші осы жердегі дәрігерлердің арқасында аман-есен ұлымды дүниеге алып келдім. Кесір тілігімен босандым»

Ең ұлы және қастерлі мамандық иесі бүгінде әріптестерімен қатар, отбасына да үлгі. Жанұя мен жұмыста қатар жоғары жетістіктерге жеткен Гүлбану Сыздықова, бұл — адал еңбектің арқасы дейді.