Париж Олимпиадасынан кейін Шымкентте дзюдоға қатысуға балалар үдере ағыла бастаған. Оларды тек баптап қана қоймай, шыңдау үшін де тиісінше турнирлерді жиі өткізу қолға алынған. Бүгін Шымкентте сол жарыстардың бірі өтті. Сайысқа жиылған жасөспірімдердің қарасы көп болып, нағыз бәсеке орын алды. Бұл ретте қаладағы дзюдоға жауапты федерация өкілдері спортқа көңіл бөлуді арттырып жатқандарын айтады.
Шымкентте дзюдо спортына жас балалар жапа-тармағай ағылып, қатыса бастаған. Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне шабыттанған жас өрендерді қазірден-ақ шыңдап, бәсекелерге бой үйрету үшін шаһарда ай сайын дзюдодан жасөспірімдер турнирі өткізілуде екен.
Соның бірі бүгінгі жасөспірімдер жарысы. 10 жастан бастап 13 жасқа дейінгі жас спортшылар сайысына Шымкент қаласының түкпір-түкпірінен 250 бала қатысып жатыр. Қаладағы аталмыш спортқа жауапты федерция өкілі дзюдоға көңіл бөлуді мейілінше арттырып, шаһардағы мектептерде толықтай жағдай жасауға қолдау білдіріп отырмыз дейді.
Алтынбек Абаев, Дзюдо федерациясының Шымкент қалалық филиалының вице-президенті: «Турнирлерден біз балаларды резервке іріктеп алып отырмыз. Қазірден бастап балаларды осы қарқынға үйрету керек. Осы ауқымда, осы деңгейде жиі күрессе келесі Қазақстан біріншілігі бар ма, басқа да халықаралық турнирлерге бала тәуір дайын болып шығады».
Белсене белдесіп жатқан бұл жас палуан — Әуесхан Мұрагер. Дзюдоға небәрі 7 жасынан қатысып бастаған жас спортшы бүгінде 4 жыл татамиде тер төгіп, қатарластарының арасында әккі болып алған. Сондықтан да ол алғашқы бәсекесінде, бел мен белбеу сынаққа түсіп, жеңілуге шақ қалғанда да, берілмей жеңісті жұлып алды. Енді міне ширек финалдық кездесуде жарқын жеңіске жетіп, финалға бір табан жақындады. Бүгінгі мақсаты осы турнирді жеңу болса, келешек арманы Олимпиада чемпионы атану екенін нық сеніммен айтады.
Әуесхан Мұрагер, жарыс қатысушысы: «Бірінші қарсыласым қиын болды. Өзі бірінші әдіске кірді, қарымта шабуыл жасадым. Арманым Олимпиаданы жеңу».
Қалалық біріншілікке Шымкенттегі спорт мектептері мен 10-ға тарта спорт клубтарынан қатысушылар келген. Жасөспірімдердің жарысына сондай-ақ белгілі спортшылар да келіп, жас балаларды қолдап, қуаттады. Әйгілі файтер Арман Оспанов бозбалалар арасында осындай сайыстарды жиі өткізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Айтуынша, кешегі Олимпиада жүлдегерлері Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаевтар да осындай жастық шақтағы додаларда ысылып, жастайынан төселіп үлгерген. Осыған орай, турнирлерді өткізуге септесіп отырған кәсіпкерлерге алғыс айтып, осы игілікті іс тек жалғасса екен деп тілек білдіреді.
Арман Оспанов, аралас жекпе-жек шебері, спортшы: «Енді осы жарыстар жиі-жиі болып жатса, кішкентай бүлдіршіндеріміз шыңдалып мықты болып өсе береді. Жалпы, айтады ғой, ат додаларда білінеді деп, солай жарыс көп болып жатса чемпиондар өседі деген ойдамыз, Алла қаласа».
Келер жылдан бастап дзюдо турнирлері жаңа ережемен өткізіледі. Ол үшін қаладағы бапкерлерге, спортшыларға семинар болып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі екен.
Самат Сапишев, халықаралық дәрежедегі төреші: «2025 жылы 1 қаңтардан бастап жаңа ереже күшіне енеді. Оның алдында біз семинар өткіземіз. Жаңа ереже бойынша семинарда Шымкент жаттықтырушыларына бәрін түсіндіреміз».
7 салмақ бойынша өткен күрестен жасөспірімдер сынында жүлдегерлерге медаль мен мадақтамадан бөлек, арнайы сыйақылар қарастырылған.