Президент шыршасы: Шымкентте 300 оқушыға ел басшысының сый-сияпаты табысталды 

23

Бүгін республика бойынша өңірлерде оқушыларға президент шыршасы өтті. «Қош келдің, Жаңа Жыл» атты қаламыздағы ел басшысының тартуына 300 бала қатысып, арнайы сый-сияпаттарға ие болды. Оның ішінде балғындарға президенттің ақшалай сертификаты мен құттықтау ашық хаты сондай-ақ тәттілер табысталды. Аталмыш мерекелік шара әлеуметтік қолдау ретінде болғандықтан, оған балаларды іріктеу қатаң қадағалауды қажет етеді. Жауаптылар қалада осал топ санатындағы балалар көп болғандықтан, тиісті деңгейде қамту үшін талаптардың сақталуын бақылауға алдық дейді. 

Өмірбек Жолдасбеков атындағы IT мектептің 4-сынып оқушысы Темірлан Бақдәулет президент сый-сияпатын қала әкімінің қолынан алды. Көңілі көтеріліп, шын қуанған бозбала осы шыршаға келетінін 24 күн бұрын естіп, сол уақыттан бері тағатсыз тосқанын айтады. Күн-түн демей ойынан кетпей, мерекелік шараны асыға күткен екен. Жалпы жеткіншек жаңа жыл мерекесін қатты жақсы көреді, себебі мейрамда ол алыс-жақындағы ағайын-бауырларымен қауышып, көзайым болады.

Темірлан Бақдәулет, Өмірбек Жолбасбеков атындағы IT мектептің 4-сынып оқушысы: «Барлығын құттықтаймын! Теледидардан мені тамашалап отырған барша жандарды, одан бөлек Қазақстанның әрбір азаматын келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын».

Бүгін елімізде барлық өңірлерде мектеп оқушыларына Президент шыршасы өтті. Қаламызда ел басшысының мерекелік шарасына 9 жастан 13 жасқа дейінгі 300 бала қатысты. Жеткіншектерге президенттің арнайы тартуы 120 мың теңгелік сертификат үйлестірілді. Балаларды іріктеу жүргізілгенде шаһар бойынша әр мектептен тиісті талаптарға сай 2 оқушыдан ұсынылыпты.

Тізімде 254 оқушы – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан, 38 оқушы – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 4 оқушы ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар, қалған 4 оқушы оқу озаттары. Оқушылар арасындағы айтулы жаңа жылдық думанға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, балалармен бірге әндете шырша айналып, президенттің арнайы құттықтау сөзін оқыды.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Айналайын, балақай сені жаңа жыл мейрамыңмен құттықтаймын. Осы жарқын мереке өзіңді шаттыққа бөлесін. Әрдайым жаңашылдыққа, жасампаздыққа ұмтыл. Білімпаз, озат әрі зерек болып жақындарыңды қуанта бер. Арманың асқақ, қиялың ұшқыр болсын. Саған зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін».

Президент шыршасында балаларға тамаша көңіл күй сыйлау үшін түрлі концерттік нөмірлер орындалды. Әуелі Аяз ата мен Ақша қар шығып балалармен қауышты. Одан соң оқушылармен бірге шырша шамын жақты. Жаңа жылдың символы жарқыраған соң, 2025 жылының мүшелі жылан шықты ортаға. Осылайша шырша шарасы жанданды.

Және түрлі жануарлар кейпінде орындалған билер, балғындарға керемет әсер етіп, би билеуге елтіп отырды. Шымкентте 60 мыңға жуық осал топтағы отбасы балалары болғандықтан, балаларды іріктеу ережесі қатаң сақталып, 3 жылдан аса ел басшының тартуына кенелгендерді тағы да қатыстырмау қадағаланды дейді жауаптылар.

Гүлнәр Дәрібаева, Шымкент қаласы білім басқармасы басшының орынбасары: «Бұл әртүрлі санаттағы балалар. Аз қамтылған отбасының балалары. Осал топтағы балалар. Төтенше жағдайға тап болған балалар. Және денсаулығына байланысты  ерекше білім беруді қажет ететін балалар да бар. Тізімді іріктеу барысында бұл жолы біз ұсынысты білім ұйымдарының бірінші басшыларынан алдық».

Оқушыларға үлестірілген сый-сияпат қаржысы ата-аналарының шотына аударылады. «Қош келдің, Жаңа жыл» атты президент шыршасында қаржылай сертификаттан бөлек, түрлі тәттілер сыйлықтары беріліп, тілек-лебіз жазылған ашық хаттар табысталды.