Қаламгерлер байқауы

22

Шымкентте детектив жанрында қалам тербеген үздік жазушылар анықталды. Биыл Кемел Тоқаев атындағы байқауға қатысуға өте көп адам өтініш білдірген екен. Республикалық жобада бақ сынағандар арасында ұстаздар, журналистер, тіпті оқушылар да бар. Ал байқауда топ жарған жеңімпаз 1,5 миллион теңге қаржылай жүлде алды.

Республикалық детектив жанрындағы шығармалар байқауының тұсауы кесілгеніне биыл 7-ші жыл. Алғашында бақ сынаушылар қатары 50-ге жетпесе, бүгінде қатысушылар саны 100-ден асқан екен. Кемел Тоқаев атындағы байқау жеңімпаздары бұған дейін Алматы қаласы мен Жетісу, Қызылорда және Түркістан облыстарында анықталған. Ал, бұл жолы жүйріктер Шымкентте марапатталды.

“Шығармашылық доданың арқасында қаншама қаламы қарымды жазушылар мен журналистер, заңгерлер мен құқық қорғаушылар кез — келгеннің қолынан келмейтін шығармалар жазылды. Қиын да күрделі жанрда талай таланттар анықталды. Осы ретте бүгінгі бас қосуымызға ұйытқы болып отырған «Заң» медиакорпарациясын 30 жылдық мерейтоймен құттықтап өтуге рұқсат етіңіздер”,- деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Шытырман оқиғаға толы бұл жанр елімізде енді ғана дамып келеді. Оған үлес қосып жатқан қаламгерлерді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Президент кеңесшісі Берік Уәли марапаттады. Ал жүзден жүйрік шыққан қызылордалық тарих пәнінің мұғалімі бас жүлдені иемденді.

“Мен бұл байқауға үшінші жыл қатысып жатырмын. 2022 жылдан бастап қатыстым. 2023 жылы қатыстым. Енді биыл қатысып тұрмын. 2022 жылы «Оралманның ойраны» деген әңгімеммен үшінші орын алғанмын. Былтыр Талдықорғанда болды қорытынды. «Бандыны қуған Хамит» деген шығармамен екінші орын алдым. Биыл «Бес миллиондық кепіл» деген шығармамен бас жүлдені иеленіп тұрмын”, —  деді бас жүлде иесі Тұрақ Адисұлы.

Жобаның ұйытқысы болған республикалық «Заң» газетінің өкілдері Кемел Тоқаев атындағы байқау келер жылы да жалғасады деп отыр. Ынталандыру сыйлығынан бастап, бас жүлде алған қатысушыларға 200 мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін қаржылай сыйлық табысталды.

Назерке Үкібасова