Қар тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр

33
фото ШӨКҚ
Шымкент қаласында толассыз қар жаууына байланысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көктайғақтың алдын алу мақсатында қар тазалау жұмыстары күшейтілді. Қала аумағында магистральды көшелерді тазалауға мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 189 арнайы техника мен 500-ге жуық қызметкер жұмылдырылған. Сонымен қатар, саябақтар мен гүлзарлардағы жаяу жүргіншілер жолдарын тазалауға 114 қызметкер тартылды.
Қазіргі таңда көше бойларында инертті материал себу, қарды тазалау және жаяу жүргіншілер жолдарын тазарту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Аудандық деңгейдегі жұмыстар:
Абай ауданы аумағындағы 80 негізгі көше қардан механикалық тазартылып, инертті материалдар себілуде. 31 арнайы техника мен 100 адам жұмылдырылған. Сонымен қатар, ішкі орам көшелері мен аулаларды тазартуға қосымша 11 техника мен 50 қызметкер тартылды. Аяқ жолдарды тазалайтын 10 арнайы аппарат жұмыс істеп тұр.
Әл-Фараби ауданында қар тазалау жұмыстарына 30 қызметкер мен 6 арнайы техника жұмылдырылды. Қаратау ауданы ауданында ішкі орам көшелерді тазалауға 100 жұмысшы мен 12 арнайы техника қатысуда. Жалпы, 638 көшеде, оның ішінде әлеуметтік нысандар орналасқан 128 көшеде (102,9 км) және аяқжолдарда (123 км) тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тұран ауданы аумағында қар тазалау жұмыстарына 80 жұмысшы мен 9 арнайы техника жұмылдырылған. Еңбекші ауданында ішкі орам көшелері мен аулалардағы қарды тазарту және инертті материал себу жұмыстарына 7 техника мен 132 адам жұмылдырылған. Қала әкімдігі тұрғындардан түсіністік танытып, қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды. Тазалық жұмыстары күндіз-түні жалғасын табады.