Шымкентте көптен күткен қалың қар жауды. Мамандар қар тазалауға арналған қажетті қосымша жабдықтар, реагенттер мен инертті материалдардың артығымен бар екенін мәлімдеді. Коммуналдық қызметтер қар жауған сәттен бастап бірнеше ауысымда жұмыс істеп жатыр дейді жауаптылар. Дегенмен, қала тұрғындары бұл сөзбен келіспейді.
15 желтоқсан күні 12 сағатқа жуық үздіксіз жауған қарды тазалауға 5 аудан Бойынша 189 арнайы техника жұмылдырылыпты. Жауаптылар қызметкерлер мен техникалардың үздіксіз жұмыс істеп жатқанын айтады. Дегенмен, бұл мәлімдемемен қала тұрғындары келіспейді. Сөздерінше, көшелер мен аяқжолдар тазаланбаған.
Жалпы қаланың әр ауданына қар тазалау жұмыстарын жүргізу үшін желтоқсан айына шамамен 70 млн теңгеден жұмсалады. Бұл туралы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы мәлімдеді. Айтуынша, алдымен жауған қардың мөлшерін есептейді, кейін бөлінген техниканың жұмысын бақылайды. Ал жауған қарды тазалау жұмыстары қалай жүріп жатқанын 12 адамнан құралған мониторинг тобы қадағалайды.
Әбілқайыр Оңғар, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы: «Алғашқы қар жауды ғой, сол жауған қардың көлемін есептеп, қаржы төлеп беретін боламыз. Орташа есеппен 70 млн теңгеден шығуы мүмкін. Біздің климат қар құрғақ емес, ылғалды қар болып есептеледі. Кейбір жерлерде тайғақ орын алды. Тұрғындардың, автокөлік жүргізушілерінің өтініштеріне сәйкес тазалық жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, аялдамалар, аяқжолдар, әлеуметтік нысандарға апаратын жолдардың барлығы ашылды. Қазіргі таңда қарды сыртқа шығару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз».
Мамандардың сөзіне сенсек, демалыс күндері жауған қалың қардың көлемі 20 см. Ал қар тазалау үшін реагенттер мен инертті материалдар қысқы маусым соңына дейін жеткілікті дейді. Басқарма басшысы биыл, қажетті материалдар демеушілер есебінен алынғанын айтады. Айта кетейік, Шымкентте алдағы күндері де суық ауа-райы сақталады.
Мейрбек Қахарбеков, РМК “Қазгидромет” Түркістан облысы бойынша филлиалының инженер- синоптигі: «Шымкент қаласы бойынша 18 желтоқсан таңертең және күндіз, 19 желтоқсанда күннің екінші жартысында жауын-шашын, көктайғақ, түнде тұман болады. Ауа температурасы түнде -5-7 градус аяздан 0-2 градус жылыға дейін, күндіз 3-5 градус жылыдан 6-8 градус жылыға дейін көтеріледі. 20 желтоқсан жаңбыр арты қалың қарға айналып, көктайғақ, тұман болады. Ауа температурасы түнде және күндіз 0 градус шамасында болып, күннің екінші жартысында -5 градусқа дейін төмендейді».
Сонымен қатар, Түркістан облысының таулы аймақтарында және оңтүстігі мен батысында жауын-шашын мен көктайғақ күтіледі. Ал 20 желтоқсан да облыстың басым бөлігінде қалың қар, таулы аудандарда бұрқасын болады деген болжам бар.